Маңғыстау өңірінің қатал табиғаты жергілікті теміржолшылар жұмысын қиындатады. Құм суырған шөл далада елсіз, сусыз жүздеген шақырымға созылған темір жолдың инфрақұрылымына күтім жасап, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету тіпті де оңай емес.
Әсіресе жал-жал құмдары теміржолды жиі басып қалатын Бейнеу бағытында еңбек ететін теміржолшылар мәселесі жіті көңіл бөлуді қажет етеді.
Жыл он екі ай ашық далада, желдің өтінде жүріп жұмыс істейтін Бейнеу жол дистанциясының жұмысшылары үшін жол бойындағы бекеттерге модульдік үйшіктер сатып алып орнату жайы көптен бері сөз болып, шешімін таппай келе жатқан болатын. Міне, жақында бейнеуліктердің өтініш-тілегі қабыл болып, станцияға су жаңа модульдік үйшіктер түсірілді.
Барлығы 15 данасы бір-ақ жеткізілді. Соңғысы өткен аптаның соңында келіп жетті.
– Жаңа үлгідегі заманауи модульдік үйшіктер Бейнеу жол дистанциясының Сай-Өтес, Ақжігіт, Үстірт станциялары мен Теректі бекетіне бір данадан, Сағыр, Сәнкібай бекеттеріне екеуден, Сорша және Тоқсанбай бекеттеріне үш үйшіктен орнатылды. Алғашқылары өткен жылдың соңғы күндері жеткізіліп бастап, жақында қалғандары келді. Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінен арнайы мамандар келіп ішіндегі бөлек құрал-жабдықтарын құрастырып, тиісті орынға орнатып, тоқ көзіне қосып кетті. Бейнеу-Тассай учаскесіндегі бекеттерде бұрыннан 10 орындық вагон-модульдер бар еді. Жаңа модульдік будкалар соларға қосымша ретінде қойылып жатыр. Ал Үстірт, Ақжігіт, Сай-Өтес сияқты станцияларда іссапармен баратын жолшылар үшін жағдай жасалмақ. Осымен модульдік үйшіктерге сұранысымыз толық өтелді, мұндай игілікке ие болған дистанция жұмысшылары да дән риза, – дейді жағымды жаңалықты бөліскен Бейнеу жол дистанциясындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұстафа Қожбанов.
Айтуынша, ашық далада еңбек ететін жолшылар үшін жұмыс кезінде демалып тынығып, ас ішіп, қона жататын бұл нысандардың ішінде адамға қажеттінің бәрі бар. Жуынатын бөлмеден бастап, теледидар, су жылыту құрылғысы, толық жабдығымен төсек-орындар, қысқатолқынды пеш, мұздатқыш, тазалағыш құралдарына дейін қарастырылған.
Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау