Маңғыстауда уақыт талабына сай көпфункциялы вагон жөндеу депосы салынады. Жуырда аталған инвестициялық жоба көпшілікке таныстырылып, нысанның іргесін қалау рәсімі өтті.
Маңғыстау индустриалдық паркінде бой көтеретін нысанның алғашқы қазығын қағу салтанатына «ҚТЖ» ҰК» АҚ директорының кеңесшісі Ертас Бейсбеков бастаған қонақтармен қатар, Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директорының орынбасары Ерлан Бурхутов, Маңғыстау вагон депосының бастығы Майлыбай Камалов қатысып, түбек теміржолы үшін маңызды нысан құрылысы жөнінде сөз етті. Өңірге тартылатын инвестициялардың нәтижесінде жүзеге асырылатын бұл жоба түбекте жаңа өндіріс орындарын ашып, жүздеген адамды жұмыспен қамтитын болады дейді жауапты тұлғалар. Жоба бойынша жаңадан қолданысқа берілетін өндірістік аумақ 4 бөліктен тұрады. Біріншісі – жүк вагондары мен маневрлік локомотивтерді жөндеу қуаты бар вагон депосы. Қалғаны қойма жайлар, дайындау цехы және жұмысшылар мен қызметкерлер үшін офис пен жатақхана ғимараттары болмақ.
– Маңғыстау индустриалдық паркінде салынатын вагон депосының мүмкіндіктері мол болмақ. Мұнда жүк вагондары мен маневрлік тепловоздарға ағымдағы, деполық және күрделі жөндеулер жүргізіледі. Бұл жұмыстар қуаттылығы жоғары, заманауи техника және құрал-жабдықтар көмегімен атқарылады. Сонымен қатар жүк вагондары мен локомотивтерге арналған қосалқы бөлшектер шығаратын цех пен дайын өнімге арналған қойма да салынады. Алдын ала болжам бойынша құрылысқа және пайдалануға беруге дейінгі дайындықтарға 10-12 ай кетеді деп жоспарлануда, – дейді жаңадан салынатын вагон жөндеу депосының басқарушысы Ринат Әубәкіров.
Жалпы, инновациялық жобаны жүзеге асыру өңір үшін де, логистикалық сала үшін де айтарлықтай артықшылықтар әкелері сөзсіз. Себебі облыстағы экономикалық өсімге оң әсер етіп, жаңа жұмыс орындарын құрады және жалпы экономикалық дамуға ықпал ететін аймаққа инвестиция келеді. Көлік және логистикалық инфрақұрылымды жақсартуға септік етіп, инвесторлар үшін тартымдылықты күшейтеді. Технологиялық бағытта жылжымалы құрамды өндіру мен жөндеуге заманауи технологияларды енгізу нәтижесінде өңірдің жалпы технологиялық деңгейі жақсара түседі. Соның ішінде теміржол саласы үшін маңыздысы логистикалық бағытта депоның көлік артерияларына жақын орналасуына байланысты вагондар мен локомотивтерді жөндеуге кететін уақыт пен шығындарды қысқартады. Жылжымалы құрамдар үшін жылдам және сапалы жөндеу базасын қамтамасыз ету арқылы олардың тоқтап қалуын азайтып, тасымалдау тиімділігін жоғарылатады.
Шахида Жұман