МАРАФОН ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ!

«Қазкөліккәсіп» ҚБ мерейтойы аясын- да «Астана» филиалы теміржолшылар арасында ұйымдастырған марафон
мәресіне жетті. Осы аптада ҚТЖ Орталық музейінде жүзден жүйрік шыққандар арнайы диплом мен жеңімпаз есімі жазылған кубокпен марапатталды.

Бұл марафонның бір ерекшелігі – қатысушылар жүгірген қашықтығын ұялы телефондағы Strava арнайы қосымшасына енгізіп, соны жарыс ұйымдастырушыларына жолдаған. Олар бұл ретте марафонның екі номинациясы бойынша жарысты,
бірінші – 30 км қашықтықты анағұрлым аз уақытта жүгіріп өту және марафон өткен жарты жылда ең ұзақ қашықтықты бағындыру. Аталған филиалдың спорт нұсқаушы-ұйымдастырушысы Роман Подгадецтің айтуынша, 26 наурызда басталған
марафон 26 қыркүйекке дейін жалғасып, осы аралықта оған 14 теміржолшы қатысқан.
– Мұндай марафон осымен екінші жыл ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар аталған мерзім ішінде кез келген күні, кез келген уақытта қаланың бір нүктесінде жүгіріп, сол уақытты әлгі қосымшада белгілейді, сосын нәтижесін бізге жібереді. Он төрт қатысушы ҚТЖ үшін аз, өйткені бізде спортпен шұғылданатындар өте көп, алайда осы аралықта өзге де спорттық шаралардың жиі өтуіне байланысты олардың біразы бұл марафонға қатысып үлгере алмай қалған болуы керек деп ойлаймыз. Қатысушылар екі номинация бойынша да марапатқа ие болды, – дейді спорт нұсқаушысы. Марафон қорытындысында бірінші номинация бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалының менеджері Мөлдір Есболғанова 30-39 жас аралығындағы әйелдер арасында, осы дирекцияның инженер-технологы Ольга Макалкина 40-49 жастағы әйелдер арасында 30 шақырымды ең аз уақытта жүгіріп, 1-орын алды. Сонымен қатар 18-29 жас аралығындағы ерлер арасында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС корпоративтік даму департаментінің менеджері Мақсат Еркенов екі жарыстан да жеңімпаз болды. Сол сияқты 30-39 жас аралығындағы ерлер арасынан «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Қала маңы тасымалы» филиалы Ақмола өңірлік телімінің электр пойызының машинисі Андрей Азябин 1-орынға шықты. 40-49 жас аралығындағы ер азаматтар ішінен бірінші орынды Семей магистральдық желі бөлімшесінің бөлім бастығы Нұрлан Бегәділов алды. Екінші номинация, яғни ең ұзақ қашықтыққа жүгіру ден бірінші орынды жас ерекшеліктеріне қарай компаниядағы техникалық орталық менеджері Рената Молдахметова, Шу станциясы бойынша «Қала маңы тасымалы» филиалының жолсерігі Салтанат Айманбетова, Қостанай белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Нұрлан Иксанов және марафон өткен 6 айда екінші номинация бойынша 1635,89 км қашықтыққа жүгіріп, ең үздік нәтиже көрсеткен Көпфункционалды қызмет көрсету орталығы Көкшетау филиалының есептеу тобы бастығының орынбасары Асқар Жүсіпов жеңімпаз болды. Сондай-ақ 50-59 жас аралығындағы ерлер арасынан компанияның бас инженері Батыр Котырев бірінші орынға лайық нәтиже көрсетті. Жеңімпаздарды «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев пен «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев марапаттады.
– Марафонды жариялаған күні 30 км жүгірдім. Ақордадан бастап өзен жағалай жүріп, Тельман елді мекенінен әрі астым. Бұрын күреспен айналысқанмын, ал жүгіріп жүргеніме бір жылдай болды. Жүгірудің пайдасы зор, денсаулыққа пайдалы,
үнемі сергек жүресің. Қысым мөлшері қалыпты болады, – дейді марафон жүлдегерлерінің бірі, «ҚТЖ» ҰК» АҚ еңбек қауіпсіздігі және экология инспекциясы менеджері Ғазиз Мәмбетов. Кәсіподақ басшылары компания қызметкерлерінің салауатты өмір салтын ұстанудағы барлық бастамаларына қашан да қолдау білдіруге дайын екендерін жеткізді.


Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК