МАШИНИСТЕР МҮДДЕСІ ҮШІН…

Алты жүзден астам адам еңбек ететін Маңғыстау локомотив пайдалану депосындағы кәсіподақ ұйымының жұмысын
үйлестіріп отырған Әбілсейіт Нәбиханов әрбір жұмысшының жағдайынан хабардар, нағыз көптің адамы деуге болады.
Депо шеңберінде ғана емес, Маңғыстау теміржолында ұйымдастырылатын кез келген іс-шараға атсалысып жүретін оны
түбектік теміржолшылар түгел таниды.

Міне, теміржолшылар мүддесі десе ішкен асын жерге қоятын Әбілсейіт ағамыз кәсіподақ жұмысына жегілгелі жиырма
жылға жуықтапты. Оған дейін жүк және жолаушы пойызында машинист болды. Темірдің тілін тапқан жанға адамның тілін
табу қиын боп па тәйірі, кешегі машинистке кәсіподақ жұмысын жүргізу, адамдармен жұмыс істеу онша қиынға соқпады. Деподағы кәсіподақ ұйымы мүшелері негізінен өзі сияқты машинистер мүддесін қорғау жолында талай игілікті іске мұрындық болып, аз жылда ұжымның сыйлы адамына айналды.
Әбілсейіт Нәбиханов – еңбек жолында өзін нағыз білікті маман ретінде танытып, мойындатқан жан. Маңғыстаудың Тұщықұдық ауылында туып-өскен ол 1982 жылы Маңғыстау локомотив депосына қарасты Шетпе станциясында көмекші машинист болып еңбек жолын бастапты. Алдымен 3-класты, сосын 2-класты біліктілік дәрежесін алады.
Ал 2000 жылы машинист-нұсқаушы болып тағайындалды. Ол алдына мақсат қойып, оған жетуге бар мүмкіндігін жұмсады. Тұрақсыз жағдай туындағанда дұрыс және сауатты шешім қабылдай білуді үйреніп, көктемгі, күзгі комиссиялық тексерулерден сүрінбей өтуді меңгерді. Табылған кемшіліктер бойынша дер кезінде жөндеу жұмыстарын ұсынып,
тез арада жоюды қамтамасыз етті. Өзіне жүктелген қызметтік лауазымынан басқа қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып,
ұжымда ауызбіршілік пен түсіністік, қамқорлық сынды ұстанымдарды қалыптастыру оның басты қағидасына айналды.
Міне, дәл осындай табысты жанды кәсіподақ жұмысына жетекшілік етуге таңдаған ұжым қателеспегені анық. Кәсіподақ жұмысын жаңа деңгейге көтеруге тырысқан еңбегі еш кетпеді. Теміржолшылардың әл-ауқаты, тұрмыс-жағдайы, еңбек заңдылығының сақталуы оның басты миссиясына айналды. Ұжым оны іскерлігі мен жауапкершілігі, адал еңбегі үшін құрметтеді.
– Жалпы ұжымда, яғни Маңғыстау, Бейнеу, Жаңаөзен деполарында кәсіподақтың 668 мүшесі бар. Солардың қажеттіліктеріне
қандай көмек қай жағынан керек, еңбек жағдайына талабы бар ма, шешуге тырысамыз. Денсаулығына көңіл бөліп, уақытында шипажайға жолдама береміз. Биыл, мысалы, ұжымнан 49 адамға, зейнеткерлерден 2 адамға санаторийге жолдама бердік. Одан басқа өздері немесе балалары ауырған, ақылы ота жасатқан 51 адамға материалдық көмек көрсеттік. Еңбек өтілі 20 жылдан асқан 13 қызметкеріміз тісін емдетуге қаржылай көмек алса, 58 ұжым мүшесіне балалы болуына байланысты тиісті көмек берілді. Жалпы, кәсіподақ ұйымы тарапынан жұмыс орындарында еңбек жағдайларын жақсартуға жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, ол қажет жұмыстарға жұмсалып, уақытылы игерілуде. Осы жылы, мысалы, Маңғыстау мен Жаңаөзендегі локомотив бригадалары тоқтап жуынатын жердегі жабдықтар жаңартылып, істен шыққан су жылытқыш құрылғысы ауыстырылды. Одан басқа машинистердің мерейтойын атап өтіп, зейнетке шығарып салу деген рәсімдерді қалай құр жіберуге болады, – дейді машинистер ұжымының кәсіподақ жетекшісі.

Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау

Суретті түсірген автор