Вы сейчас просматриваете Мемлекеттік тіл мәртебесі ұлықталды

Мемлекеттік тіл мәртебесі ұлықталды

Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылға бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ҚТЖ басшылығының арнайы бұйрығымен барлық өңірде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, қазақстандық патриотизмді нығайту, мемлекеттік тілде іс жүргізу сапасын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар өтті.
Астана
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Көпфункционалды қызмет көрсету орталығының мемлекеттік тілді дамыту секторының ұйымдастыруымен «Тіл құбылысының ұлттық мазмұны және мемлекеттік мәртебесі» тақырыбындағы шеберлік сабағы жалғасын табуда. Компанияда өткен шеберлік сабағын көптің сұрауымен мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, ұлт және тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы өткізді. Жиын мақсаты – компания қызметкерлерінің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге деген ниетін ояту, ұлттық құндылықтарымыздың мазмұнын ашып, қоғамға қызмет етуге мемлекеттік тілдің әлеуетті екендігіне көз жеткізу, теміржолшылардың ана тілінде сөйлеуге, жазуға, ойлауға деген құлшыныстарын арттырып, қазақ тілін іс жүзінде пайдалануға шабыт беру. Бұл жолы жиынға Орталық аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің, тораптық деңгейдегі филиалдардың, еншілес ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарлары қатысты.
Оразкүл апайымыздың сабағына қатысу арқылы біз терең нәрсені ұқтық. Күнделікті мемлекеттік тілге қатысты мәселелерге асықпай, екінші орынға қойып келсек, бұл сабақтан кейін оны ысырып қоюға болмайтынын, уақыт өтіп жатқанын, әрекет ету керектігін және оны өзімізден бастау керегін түсіндік, – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Біріктірілген жоспарлау дирекциясының бас менеджері Гүлзада Тұрғалиева.

Қызылорда
Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінде «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» тақырыбындағы мерекелік іс-шараға теміржолшылардың отбасы мүшелері мен мектеп жасындағы балалары қатысты.
Бөлімше директоры Ербол Сәулебеков кіріспе сөз алып, көпшілікті Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Мемлекеттік тіл мәселесі компанияда кеңіненқолданысқа енгізіліп отырғанын жеткізіп, тілді насихаттау бағытында жүргізіліп жатқан идеологиялық маңызға ие бұқаралық, қоғамдық деңгейдегі шараларға шолу жасалды.
Әрі қарай қазақ тілінің парқын өзгеден артық білемін деген сенімдегі мықтылардың сайысы өтіп, оны бөлімшенің тіл маманы Мөлдір Ақышева жүргізді.
«Алаш елі», «Толағай», «Қыран», «Арыстан», «Бірлік» деп аталған 5 топ сахнаға шақырылып, төрт кезеңнен тұратын сайыс жеребесі тартылып, қатысушы топтар өз өнерлері мен білімдерін ортаға салды.
– Сайыстың бағдарламасында отбасылық топтың өзін таныстыруы, балалардың қазақ ақындарының өлеңін мәнерлеп оқуы, жұмбақты шешу, мақал-мәтелді жалғастыру талап етілді. Мұндай сайыс бөлімше бойынша алғаш рет ұйымдастырылғандықтан
қызықты әрі тартымды, ғибратқа толы болды. Бәрі әділ өтті деп ойлаймыз, – деді ұйымдастырушылар атынан кәсіподақ ұйымының төрайымы Салтанат Махмутова.
Сайыс түрінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараның бас жүлдесін Қызылорда вокзалынан келген «Қыран» тобын құраушы Анаргүл мен Нұрасыл қанжығаларына байлады. 1-орын Қызылорда сигнал беру және байланыс дистанциясынан келген
Фазыл мен Төреәлиге («Арыстан» тобы), 2-орын Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінен Нұрлан мен Олжасқа («Алаш елі» тобы) берілді, 3-орынды вокзал шаруашылығынан Жанерке мен Көркемай («Бірлік» тобы) және Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясынан келген Гүлнар мен Айбибі («Толағай» тобы) иеленді. Мерекелік шараға белсене қатысқан барлық командаларға, балаларға да, шақырылған қонақтарға, ардагерлерге де сый-сияпат жасалды.

Шымкент
«Тіл – біздің тұтастығымыз» тақырыбындағы өңір теміржолшылары арасындағы семинар-байқау Шымкент магистральдық желі бөлімшесінде де өтті.
Аймақтағы теміржол саласында тер төгіп жүрген 9 маман бақ сынаған байқауда тіл білуден бөлек, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді білуіне және оның күнделікті тұрмыс-тіршілікте қолданылуына қатысты амал-әрекеттер сынға түсті. Бас-аяғы 5
кезеңнен құралған жиын аясында қатысушылардың қарым-қабілеттері, өзін-өзі таныстыру мен салтдәстүрді қаншалықты меңгергені сыналды. Сондай-ақ мақал-мәтел жарысы мен теміржол саласындағы кейбір термин сөздердің аудармасын білуі іс-жүзінде
тапсырма орындау арқылы анықталды.
– Осы аталған төрт бағыттан бөлек, тең түскендердің ішінен үздіктерді анықтау мақсатында біз бесінші пункт ретінде еркін тақырыптағы өнер көрсету кезеңін қостық. Жалпы, мұндай шара өңір теміржолшылары арасында ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттай түседі. Сонымен қатар бұл байқау өңір теміржолшыларын бір сәт сергітетін тамаша байқау болды, – дейді «Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалының жетекшісі Нағима Салықбаева.
Жалпы тапсырма орындау мен сұраққа жауап беріп, қосымша өнер көрсету нәтижесінде ұпай санымен І орынды Арыс сигнализация және байланыс дистанциясының аға электромеханигі Қияс Тұрарұлы алды. Ал ІІ орынға Арыс вокзалының анықтама беру
жөніндегі кезекшісі Ұлбала Мүслімқызы лайық деп танылса, ІІІ орын Шымкент жол дистанциясының учаске бастығы Алтынбек Исабекұлы мен Шымкент сигнализация және байланыс дистанциясының аға инженері Гүлмира Әбдімәлікқызына бұйырды.

Жамбыл
Тәуелсіздік күніне орай Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінде «Туған елім – айбыным» атты тәжірибелік семинар өтті. Өндірістік салада мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, тіл тазалығын насихаттаған іс-шара мазмұнды өтті.
Арнайы шақырылған қонақтар қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Абдықадырова мен педагогика және әлеуметтік
ғылымдар факультетінің доценті Абай Ізтілеуов баяндама жасап, қазақ тілін оқытудың ерекшеліктерін, оның білім-ғылым саласындағы рөлін атап өтті. Ұлттық компания бөлімшелерінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тіл тазалығын сақтауды насихаттауға көңіл бөлініп жатқанына ризашылықтарын жеткізді.
Ал Жамбыл магистральдық желі бөлімшесінің персоналды басқару бөлімінің бастығы Марат Махамбетов, бөлімшенің жетекші аудармашысы Ақерке Утепбергенова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Найманбаев, Жамбыл электрмен жабдықтау
дистанциясының бастығы Қайрат Сейдулла, Жамбыл материалдық-техникалық жабдықтау базасының бастығы Асқар Әбілдаев өндіріс саласындағы аударма ісінің маңызы, терминдерді дұрыс әрі орынды қолдану жайлы ой қозғады.
Семинардың тәжірибелік кезеңіндегі «Пікір алмасу», «Ойталқы» айдарларында қатысушылар ұсынысойларын ортаға салды. Мамандарға сұрақ қойып, көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды. «Артық болмас білгенің» атты екінші кезеңде теміржолшылар ұсынылған тақырыптарға қарай тапсырмаларды орындады. Сарапшылар қатысушылардың талаптарды қалай орындағанын саралап, қорытындысын шығарды.
Нәтижесінде Ақгүл Керімбаева 1-орынды жеңіп алса, Қайрат Мәдиев 2-орынды иеленді. Назым Бейсенова үштікті түйіндеп, үздіктер қатарынан көрінді.
Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінде «Тіл тағдыры – ел тағдыры» сайысы ұлттық нақышта өтті. Тәуелсіздік мерекесі күніне орай тұсауын кескен жиында салт-дәстүр, ұлттық сананы жаңғыртты.
Салтанатты шара мемлекеттік әнұранмен басталып, командаларға кезек берілді. Сайыс түрінде өткен іс-шарада бөлімше қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салып, мақал-мәтел жарысы, сұрақ-жауап, жылдамдықпен тапсырма орындау, адасқан әріптер
секілді кезеңдерде бақ сынады. Кеш соңында пойыздар қозғалысын басқару орталығының диспетчері Рысбек Қарымсақов «Балбырауын» күйін тамылжыта орындап, көптің қошеметіне бөленді.
«Халқымыздың тәуелсіздігінің басты белгісі – оның ана тілі , ұлттық мәдениеті. Сондықтан кез келген мемлекет салт-дәстүрін , ана тілін айрықша құрметтеп, ұлықтауы керек. Бүгінгі шараға әріптестеріміздің белсенділік танытып жатқаны қуантады», – деді Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесінің директоры Серғали Жайлаубай.

Райхан РАХМЕТОВА,
Сабырхан НАДИРБАЕВ, Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Ардақ ҮСЕЙІНОВА,Ардақ ЕРУБАЕВА
Суреттерді түсірген авторлар