МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛДЫ!

Сала кәсіподағының 30 жылдығына орай Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде арнайы жиын өтіп, онда аймақтағы кәсіподақ белсенділері марапатталды.

Бөлімше басшысы Аслан Базарғалиев көп- шілікті сала кәсіподағының 30 жылдығымен құттықтап, жұмысшы мүддесі үшін
жүргізіп келе жатқан еңбектеріне табыс тіледі. Бөлімше бойынша кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрбол Нұрышев ұйымның биылғы жылдың 9 айында атқарған жұмысына шолу жасап, ұжымдық шарттың орындалуы, жұмысшының еңбек құқықтары мен мүддесін қорғау, зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға көмек, балалар демалысы, т.б. әлеуметтік тақырыптарға тоқталды. Атырау локомотив пайдалану депосының кәсіподақ жетекшісі Боранбай Қамиев сала кәсіподағының өткен тарихына шолу жасай келе, қызметкерлерге арналған ҚТЖ компаниясының ұжымдық шарты еліміздегі алдыңғы қатарлылардың бірі деп бағалады. Сондай-ақ ол ұжымдық шартты жетілдіре түсіп, кәсіподақ ұйымдарының мекеменің табысын бөлуге және пайдалануға қатысуына қол жеткізу, зиянды факторлармен жұмыс істейтін жұмысшыларға спорттық сауықтыру лагерлеріне жеңілдікпен жолдама беру, ұжым мүшелерін жұмысқа және үйге көлікпен тасымалдау, әр мекемеде велотұрақтар жасақтау, мәдени шараларға қаржы бөлу қажеттігі туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Бұл ұсыныстарға қатысушылар да қолдау білдірді.

Содан кейін атаулы датаға арнайы шығарылған «30 жыл бірлікте» мерейтойлық медальмен белсенді кәсіподақ мүшелерін марапаттау рәсімі өтті. Олар станция, дистанция, деполардағы кәсіподақ ұйымы төрағалары, цехкомдар – барлығы 30 адамның өңіріне төсбелгі тағылды. Мерейі үстем болғандар қатарында Құлсары байланыс дистанциясынан А.Өміров, Теңдік станциясында құжат өңдеуші, цехком А.Берікқызы, Доссор станциясының тауар кассирі, пофгруппорг Ж.Есеғалиева,
«Қазтеміртранс» АҚ филиалының өндірістік-техникалық бөлім бастығы А.Әбішева, т.б. теміржолшылар болды.

Источник

Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау
Суретті түсірген автор