Биыл Семей жол дистанциясы іргетасының қаланғанына 110 жыл толады. Жолшылар қауымы осынау мерекені қазақ теміржолының 120 жылдық мерекесімен орайластырып атап өтуге кірісті. Атап айтсақ, жуырда ПЧ-39 мекемесіне қарасты Шаған станциясында теміржолшылар қауымы үшін айшықты мерекелік шара болып өтті.
Жаңа-Семей – Дегелең станциясының дәл ортасында орын тепкен Шаған станциясы тұрғындарының басым бөлігі теміржолшылар. Сондықтан болар бұл жолғы мерекенің орны бөлек. Салтанатты жиынның беташар рәсімін Семей жол дистанциясының бастығы, Құрметті теміржолшы Рахат Ботаспаев жасады. Барша қауымды келе жатқан мерекемен құттықтап, сайысқа қатысушыларға лебіз білдірді.
– Жолшылар жұмысы қашанда қауырт, қашан да ауыр. Десек те, бір ауық бой жазып, кәсіби мерекенің мәнін сезініп, жоғары көңіл күймен атап өтуге ештеңе жетпейді. Биыл мекемеміздің құрылғанына 110 жыл. Осы мейрамды шалғайдағы теміржолшылар да сезініп, қуанышпен атап өткенін қалаймыз. Кәсіподақ ұйымымен бірлесіп өткізіліп отырған бүгінгі мерекелік шара осы станцияның барша тұрғындарына ортақ, – деді Рахат Нұрғазыұлы.
Өз сөзінде «Қазкөліккәсіп» ҚБ өкілі Есен Қажығұлов та құттықтау тілек білдіріп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Кент әкімінің де жүрекжарды лебізі тыңдалды. Бұл күні станциядағы орталық саябақта сахна құрылып, жиналғандар ән тыңдады. Би де биледі. Сондай-ақ арнайы тігілген киіз үйде мерекелік дастархан жайылып, алаң іргесінде жәрмеңке ұйымдастырылып, сауда қыза түсті. Мерекеге іргелес станциялардағы теміржолшылар мен жергілікті тұрғындар да келді. Ал балалар үшін спорттық сайыстар өткізіліп, оған қатысқан барлық балақайларға сыйлықтар таратылды.
Десек те, мерекелік шараның ең қызықты тұсы минифутбол ойыны болды. Оған ПЧ-39-ға қарасты үш өндірістік телімнен үш команда қатысты. Кездесулер тартысты өткенімен барлық футболшылар ойын әдебін сақтады. Алма-кезек қарымта алмасып, шиеленісті шабуыл ұйымдастырып, ұпай санын кезектесе арттырды. Нәтижесінде сонау алыстан келген, яғни солтүстік тармақтағы Ауыл, Белағаш станциясының жолшылары бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды орталықтан, Семей қаласынан келген жолшылар иеленді. Ал жүлделі үшінші орынды Дегелең мен Шаған жолшылары қанағат тұтты. Барлық командалар кәсіподақ ұйымы әзірлеген ақшалай сыйлыққа ие болды. Сол тәрізді тамаша ойын өрнегін көрсеткен үздік қақпашы мен үздік шабуылшы да марапатталды. Өз кезегінде Семей жол дистанциясының кәсіподақ комитетінің төрағасы Ғалымбек Түкібаев көмек көрсеткен кент әкіміне де естелік сыйлық тарту етті.
Қуаныш Қожаев