МИРАС – ГРЕК-РИМ КҮРЕСІНІҢ ЧЕМПИОНЫ!

ҚТЖ-ның вагон шаруашылығы саласында слесарь болып жұмыс істейтін Мирас Баршылықов Египетте грек-рим күресінен өткен турнирде жеңімпаз атанды. Дүбірлі додаға әлемнің 20 елінен спортшылар қатысты. Солардың арасынан білек күшімен топ жарған Мирас – Қазақстаннан барған балуандар арасындағы жалғыз теміржолшы.

Қостанай ЖТ бөлімшесіне қарасты Рудный ВЧД-19 мекемесінде бір жарым жылдан бері 4-ші разрядты слесарь болып еңбек ететін Мирас Баршылықов грек-рим күресімен 7 жасынан бастап шұғылданады. Алғаш оны бұл үйірмеге анасы жетелеп апарған екен. Содан бері 21 жыл бойы ол осы спорт түрінен қол үзбей, түрлі халықаралық жарыстарда қарсыласынан басым түсіп келеді. Өзі – грек-рим күресінен Қазақстанның ұлттық құрамасына мүше. Биыл жазда Румынияның Бухарест қаласында өткен халықаралық жарысқа да қатысып, бірінші орын алған еді. Ал мұндай жеңімпаздар әлемдік деңгейде Қазақстан атынан баратын спортшылар қатарынан ешқашан қалдырылмайды.

– Бұл – осы Египетте грек-рим күресінің негізін салған аңыз адам Ибрахим Мұстафаны еске алуға арналған Африка континенті елдерінің халықаралық турнирі. Биыл жарыс Александрия қаласында 33-ші рет өткізілді. Турнирге Қазақстаннан 23 балуан барды, олардың 15-і жүлделі орындарға ие болды. 5 алтын алдық, осылайша Ұлттық құрама бірінші орынды иеленді. Грек-рим күресінің қазақша күрестен айырмашылығы – қазақшада киімнен ұстап, аяқтан шалатын болса, мұнда олай істеуге болмайды, таза күшпен алу керек. Жеңіс туын талай жерде желбіретіп, Қазақстан туын танытып жүрміз. Бұл жолы біз ҚТЖ туын да көтеріп жүрдік, – дейді жеңімпаз. Мирастың бұл турнирге қатысу шығынын толық ҚТЖ Орталық аппараты көтерген.

– Әсіресе, Орталық аппараттан Ақмарал Жарасқызы мен Ольга Васильевнаға айтар алғысым шексіз. Сонымен қатар менің жұмыс пен спортты қатар алып жүруіме үнемі қолдау білдіріп, мені ылғи демеп жүретін бастығым Сейітқали Серікке ризашылығымды білдіремін, – дейді теміржолшы. Мирасқа қазірдің өзінде жанжақтан түрлі кәсіпорындардан ұсыныстар көптеп түсуде екен. Алайда ол: «Темір жолдан қолдау тауып, жеңіске жеттім. Сондықтан осы салада қаламын және ҚТЖ-ның атағын шығаруға атсалысамын» дейді. Ал негізгі жұмысына келсек, осы сапардан кейін ол вагон қараушы болып ауысуды көздеп отыр. Депода екі күн жұмыс істеп, екі күн демалғанда және ауысымнан шыққан кезде де спорт залындағы жаттығуын ешқашан тастаған емес. Әкеден ерте айрылған балуан – отбасының негізгі асыраушысы. Өзінен кейін інісі бар. Анасы мен әйелі денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Батыр балуанның әке атанар күні де алыс емес.

Источник


Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген автор