1 маусым күні «Нұрлы жол» теміржол вокзалына келіп тоқтаған №85/86 «Шымкент – Астана» бағытындағы Тальго пойызының 13-вагонынан биылғы жылдың миллионыншы жолаушысы түсті.
Бір қызығы, миллионыншы жолаушы Нұрбақыт Ағабек есімді 10 жастағы ұл бала болып шықты. Бұл 4 маусымда туған күнін атап өткелі отырған жеткіншек үшін күтпеген тосынсый болғаны анық. Нұрбақыт анасымен бірге Шымкенттен ерекше балалар арасында өтетін жүзу жарысына келе жатыр екен.
Астаналық вокзал кешенінде милионыншы жолаушыны «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары Мұхит Тұрсынбаев пен пойыз жолсеріктері салтанатты жағдайда қарсы алып, Нұрбақытқа Apple маркасындағы IРad гаджетін, сымсыз құлаққап, жеміс-жидек салынған үлкен себет пен анасына гүл шоғын табыс етті.
– Бұл біз үшін күтпеген керемет тосынсый болды және оның балаларды қорғау күнімен және жақында болатын ұлымның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанын жақсылықтың нышанына балап отырмын. Осындай тамаша акцияны ұйымдастырып отырған ҚТЖ басшыларына алғыс айтамыз. Жарыс алдында сыйлаған көтеріңкі көңіл-күй ұлыма жетістіктер сыйлайды деген үміттемін, – деп лебіз білдірді Нұрбақыттың анасы Жайна Фазылбекова.
Бұдан бөлек осы пойыздың 12 вагонында Астанаға параолимпиада жарысына келе жатқан бір топ ерекше балаға да түрлі-түсті қарындаштар, бояуға арналған суреттері бар альбом, тәттілер, тағысын тағы заттар салынған сапалы матадан тігілген қоржын тарту етілді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ Сервис жөніндегі департаменттің бас менеджері Динара Майсутова жыл сайын миллионыншы жолаушыны құттықтау дәстүрге айналған акция екенін атап өтті. Биыл Балаларды қорғау күніне арналған акциялар ел өңірлерінде де жалғасын тауып жатқанын, ірі станцияларда 1 маусым күні пойызға отырған балаларға сыйлықтар таратылатынын атап өтті.
– Балаларды қорғау мерекесі қарсаңында 900-ден астам балаға сыйлық дайындап, таратып жатырмыз. Бүгінгі иллионыншы жолаушының жас жеткіншек болып шыққанына да қуанып отырмыз. Бұл сыйлықты «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарда көңіл сергітетін портал қызметін ұсынып отырған «KAZTECHNOLOGY Инжиниринг компаниясы» ЖШС-мен бірлесе тарту етіп отыр. Жалпы, біз жаңа жыл, наурыз секілді мерекелер қарсаңында жолаушылармен әртүрлі акциялар өткізіп, халыққа қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырғанбыз, – дейді Динара Майсутова.
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК