«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Ақтөбе филиалының бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен онлайн форматта кездесу өткізді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Батыс» филиалы бойынша кәсіподақ төрағасы Ғабит Садықов бастаған теміржол мекемелерінің бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақ мүшелері де онлайн форматта өткен жиынға қатысты. Әскерилендірілген теміржол күзеті мекемесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Әділхан Аймағамбетов қызметкерлердің еңбек демалысын ұйымдастыру, еңбекті қорғау мәселелері бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, сала кәсіподағы ұйымының басшылықпен бірлескен жұмысты нәтижесінде жалақыны 10 пайыз өсіруге мүмкіндік туғанын жеткізді.
«Өндірістік сектордағы жұмыскерлердің еңбек өтіліне қарап, еңбек демалысының күндері 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылды. Соңғы екі жылда жалақы 55 пайызға өскен. Ең бастысы – жеке құрамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, еңбекті қорғау мен техникалық қауіпсіздікке көңіл бөлу мақсатында техникалық инспекторлардың кәсіби біліктілігін арттыруға назар аударылды. Техникалық инспекторларды материалдық ынталандыру және көтермелеу үшін оларға ұжымдық шарт арқылы жыл сайынғы еңбек демалысына қосымша 3 күн қосылды. Техникалық инспекторларды оқытуға кәсіподақтан қолдау күтеміз», – деп атап өтті бастауыш кәсіподақ төрағасы.
Жиын барысында сөз алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Батыс» филиалы бойынша кәсіподақ төрағасы Ғабит Садықов жергілікті кәсіподақ ұйымының қызметіне, оның жұмыс берушімен тығыз қарым-қатынасына өз бағасын берді. Сондай-ақ, еңбеккерлердің жалақысын арттыру мәселесі салалық кәсіподақтың басты мақсатының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін түрлі алаңдарда тұрақты көтеріп жүр. Осының арқасында елімізде ең төменгі жалақы мөлшері өсті және әлі де өседі, сонымен қатар, ең төменгі жалақыны анықтау, оның ішінде оны индекстеу әдістемесін әзірлеу бойынша кәсіподақтардың көптен бергі бастамасы қолдау тапты. Сондай-ақ, еңбекақы жүйесін анықтау механизмдерін қайта қарау туралы ұсыныс жасалды», – деді Мұхтар Тінікеев.
Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе