Пойызда санитарлық ережелер түсіндірілді

Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары Тараз станциясынан жолаушылар пойыздарына отырып, жолсеріктер мен жолаушылар арасында кездесулер өткізді.

Эпидемиолог мамандар «Көкшетау-Қызылорда» бағытындағы №55 жолаушылар пойызында вагондарды аралап жүріп, көпшілікке санитарлық ережелерді түсіндірді. Басқарманың бас маманы А.Қожанов бұл Тараз станциясындағы Желілік полиция бөлімі мен Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бірлескен жобасы, жолаушылар пойыздарындағы санитарлық сақтық шараларын күшейтуді көздегеннен туған бастама екенін айтады.

«Әйтсе де, санитарлық, жеке гигиеналық тазалықтың – аурудың алдын алуға тигізер септігі көп. Әсіресе алыс жолға шыққанда сақтықты естен шығармау қажет, тек сақтық тазалық қауіпсіздігі болады», – дейді А.Қожанов.

Эпидемиолог мамандардың түсіндіруінше, алыс жолға шыққанда тез бұзылатын тағамдарды алмаған жөн. Бұл, біріншіден, асқазан-ішек ауруларының, тамақтан уланудың алдын алса, екіншіден, вагондардағы санитарлық тазалық  сақталады. Сондай-ақ жол үстіндегі жолаушыларға да жайсыздық туғызбайды.

Жалпы дәрігерлер жол үстінде азық-түлік сатып аларда оның қолданыс мерзіміне мән беру керектігін ескертеді. Тағамның жарамдылығынан бөлек, жеке санитарлық, гигиеналық тазалықты сақтау аса маңызды. Тағы бір көңіл бөлетін мәселе – жедел респираторлық инфекциялардың белгілері байқалып тұрса, жолға шықпаған дұрыс.