Республикалық  турнир  мәреге жетті

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 25 жылдығы мен «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның 30 жылдығына орай теміржолшылар арасында Кәсіподақ төрағасының Кубогына бильярдтан республикалық турнир өтті.  

Еліміздің барлық өңірлерінен келген 32 теміржолшы 28-29 шілде күндері елордада бас қосып, екі күндік турнирде бақ сынас- ты. Турнирдің мақсаты – кәсіподақтың мықты бильярд ойыншысын анықтап, теміржол ұжымдарында спортты және салауатты өмір салтын насихаттау. Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев бильярд турнирін жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді. 

 Жарыс шартына сәйкес кәсіподақтың әр филиалынан 2 ойыншыдан таңдап алынды, олар – өз өңірінде өткен бильярд турнирінің 1 және 2 орын иегерлері. Турнирдің соңғы жарысы «Аралас пирамида» ережесі бойынша өткізілді. Ойынның басты ережесіне сегіз шарды бірінші салу жатады.

 – Қатысушылардың бәрі  кәсіподақ мүшелері. Бұл іс-шара кәсіподақ ұйымының ауызбіршілігі мен ұйымшылдығын, беделін арттырады деп ойлаймын. Жарысқа қатысушылардың билеті мен қонақүй, тамағы, сонымен қатар турнирді өткізу шығынын кәсіподақ көтеріп отыр. Жарыс өте тартысты да қызықты өтуде, – дейді «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Бақытжан Қуанышев. 

Турнир қорытындысында маңғыстаулық машинист көмекшісі Амандық Ашақoвқа жететін шебер ойыншы болған жоқ, ал Кубокты Көкшетау командасы жеңіп алды.

– Қарсыластарымның бәрі де мықты болды. Өзім бильярдты 15 жылдан бері ойнаймын. 2015-2016 жылдары Қазақстан чемпионы болғанмын.  Теміржолда он жыл жұмыс істеймін,  Маңғыстау-Сайөтес, Маңғыстау-Өзен, Маңғыстау-Болашақ станциялары аралығында жүк пойыздарын тасимыз. Бүгінгі турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды, кәсіподақ комитетіне көп рахмет, әрі ойынға қатысып, әрі елордаға келіп демалып қалдық. Ең бастысы, елге жеңіспен бара жатырмын, – дейді бірінші орын иегері Амандық Ашақoв.

Екінші орынға алматылық теміржолшы Әнуар Облысов ие болса, үшінші орынды көкшетаулық Бақтияр Бейсенов жеңіп алды. Осы үш орыннан бөлек тағы 5 ойыншы түрлі марапатқа ие болды, барлық жүлдегерлер арнайы диплом беріліп, медальдармен  және сыйлықтармен марапатталды.

Райхан Рахметова

Суретті түсірген Александр Жабчук