Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметі бойынша жыл басынан бері Маңғыстау станциясындағы темір жол мекемелері жұмысшылары арасында коронавирус инфекциясының 5 жағдайы тіркелген.
Эпидемиологиялық тексеру нәтижесінде аталған адамдардың COVID-19 індетіне қарсы екпе алмағаны анықталған. Санитарлық дәрігерлер дерегіне сүйенсек, өңірдегі теміржол мекемелеріндегі ревакцинация деңгейі 1-3 пайыз аралығында. Ал вакцинация бойынша Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінде коронавирусқа қарсы екпенің бірінші дозасын алғандар – 80 пайыз, екінші дозасын алғандар 59 пайызды құрайды екен. Маңғыстау қосалқы бөлімінде бұл 67 және 61 пайыз. «Вагон-Сервис» АҚ Маңғыстау телімі бойынша 74 және 68 пайызды құраған.
– Көріп отырғанымыздай, вакцинация- лау және ревакцинациялаумен қамту деңгейі төмен. Қазір барлық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде ревакцинациялау жүріп жатыр. Оны алу үшін тіркеуде тұрған медициналық ұйымға немесе жұмыс істейтін аумақтағы медициналық ұйымға баруға болады. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген абзал. Сондықтан көп салалы теміржол қызметкерлерін ревакцинация алуда белсенділік танытуға шақырамыз. Ұжымдық иммунитеттің қазіргі денгейін сақтау үшін ревакцинациялау деңгейін көтеру қажет! Бұл – бүгінгі таңда коронавирус инфекциясының негізгі профилактикалық шарасы, – деген Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы Жұмағаным Кенжалиеваның айтуынша, бүгінде елімізде 2,4 млн адам ревакцинация жасатқан. Бұл егілуге тиісті контингенттің 52,6 пайызын құрайды екен.
Айсұлтан Арман, Маңғыстау