ҚР Көлік министрлігі мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Қазкөліккәсіп» ҚБ арасында 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша Салалық келісімге қол қойылды.
Бұл келісім тараптардың әлеуметтік серіктестігінің негізгі құжаты. Ол тараптардың келісілген әлеуметтік-еңбек саясатын жүргізудің жалпы қағидаттарын бекітеді, көлік кәсіпорындары жұмысын жетілдіріп, теміржол көлігі саласындағы жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғауды күшейтуді қамтамасыз етеді.
– Бұл үш жақты келісім – әр үш жыл сайын Ұжымдық шарттың алдында қол қойылатын келісім. Бұл Үкімет тарапынан көрсетілетін қолдауды білдіреді. Үш тараптың да өзіндік міндеттері бар. Мәселен, министрлік өз тарапынан теміржолды дамытуға, жолаушылар тасымалын субсидиялауға, әлеуметтік маңызы бар жүктер тасымалын да субсидиялайды. Ал ҚТЖ өз жағынан теміржолдың дамуы бойынша міндеттемелерін алады. Сол сияқты кәсіподақ та міндеттерін белгілейді.
Соның бәріне үш жақты келісімнің аясында бақылау жүргіземіз. Министрлік жанындағы салалық комиссия бар, оған компаниядан және бізден өкілдер кіреді. Үш жақты комиссия Салалық келісімнің орындалуын қадағалайды.
Соның негізінде ҚТЖ мен кәсіподақ арасында Ұжымдық шарт жасалады, – дейді «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов.
Салалық келісім сонымен қатар теміржол жағдайына тиімді мониторинг жүргізуге мүмкіндік беріп, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге септік етеді және теміржол мекемелеріндегі жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешу бойынша шешімдерді жылдам қабылдауға ықпал етеді.
Ұлан ОРАЗ