Жексенбі күні Астанадағы Триатлон паркте «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 15 жылдығына арналған Samruk Marathon жарысы өтті. Оған аталған акционерлік қоғамға қарасты 22 компаниядан мыңнан астам қызметкер, соның ішінде «ҚТЖ» компаниясынан 230-дай теміржолшы мен олардың отбасылары қатысты. Жарыс нәтижесінде компания қызметкерлері жүлделі орындардан 12 медальге ие болды.
Маңызды іс-шараға дайындық бірнеше ай бұрын басталды. Барлық қатысушылар марафонға дейін паркте жаттығуға жиналып, жүгіруден дайындалды. Бір күн қалғанда старттық пакеттер таратылды. «Бұл іс-шара салауатты өмір салтының құндылығы мен маңызын әспеттейді. Ең маңыздысы, бұл марафон «Самұрық Қазына» компаниялар тобының 200 мыңдық ұжымын біріктіріп, өзара байланысты арттырады», – деді Қор басшысы Нұрлан Жақыпов.
Іс-шара аясында қызметкерлердің балалары үшін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеңіл атлетикадан акция ұйымдастырылды. Балаларға арналған қашықтық 1 км болды. Оны жалпы қор бойынша 100-ге жуық бала жүгіріп шықса, соның ішінде теміржолшылардың 9 баласы қатысты. Ал ересектер арасында жарыс әуесқойлар үшін 5 км және кәсіпқойлар үшін 10 км қашықтыққа жүгіруден өтті.
Марафон нәтижесінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлері 10 медальді қанжығасына байлады, атап айтқанда, 4 қызметкер 1 орын, 3 адам 2 орын және 5 теміржолшы 3 орынға ие болды. Жүлделі орындарды тарқатып айтар болсақ, 5 км қашықтықта 30-39 жас аралығындағы қатысушылар арасынан абсолютті есепте бірінші орынды «ҚТЖ» ҰК» АҚ шағым және талап-өтінімдер жұмысы департаменті тобының басшысы Берік Байжанов иеленді.
– Компания мен қордың ұйымдастыруынан бөлек Алматы және Астана қалаларында жүгіру жарыстарына қатысып тұрамын. Былтыр да компанияның марафонында жеңімпаз болғанмын. Салауатты өмір салтын ұстанамын және соған баршаңызды шақырамын, – дейді жеңімпаз қызметкер.
Осы қашықтықта 40-49 жас аралығында қатысқандар арасынан 3 орынды «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС құру жоспарын әзірлеу және көрсеткіштер департаментінің қызметкері Азамат Байдусенов алды. 5 км қашықтыққа жүгірген 50 жастан жоғары әйелдер арасында компанияның «Көпфункционалды қызмет көрсету орталығы» филиалының бухгалтерлік есеп департаментінің бас менеджері Насима Ибраева 2 орынға лайық нәтиже көрсетті. Тура осы қашықтық пен жас шамасы бойынша ерлер арасында 1 орынды «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев иеленсе, 3 орынды компанияның Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясының техникалық саясат және өндірістік қауіпсіздік департаментінің директоры Тлеужан Оразбаев алды.
Ал 10 км қашықтықта 18-29 жас аралығында қатысушылар арасынан бірінші орын Семей жол дистанциясының жолшысы Еркебұлан Ахмадиевке берілді.
– Бұл марафонға бір жыл дайындалдым. 10 шақырымды 3 км жүгіргендей өте шықтым. Былтыр да ҚТЖ компаниясы ұйымдастырған марафонға қатысып, бірінші орын алған едім. Өте қуаныштымын. Барша қазақстандықтарды осындай ауқымды іс-шараларға қатысып, салауатты өмір салтын сақтауға шақырамын, – дейді ол.
Осы қашықтықта 40-49 жас аралығындағы әйелдер арасында 3 орынды «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының өкілі Шынар Ғайсина алса, аталған жас шамасы бойынша ерлер арасында 2 орынды компанияның қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің өкілі Руслан Молдағалиев, 3 орынды Магистральдық желі дирекциясының Автоматика, телемеханика және телекоммуникация департаментінің бас менеджері Тілеген Бисенов иеленді. Осы қашықтықта 50 жастан жоғары әйел қатысушылар арасында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жүк тасымалы есебі мен халықаралық өзара есеп бойынша департамент қызметкері Динара Шаймерденова жеңімпаз болды.
Сонымен қатар компания қызметкерлері арасында жүгіру жарысының нәтижелері бойынша жүлделі орындарға 3 апелляция берілді.
Райхан Рахметова