ҚТЖ бас ғимаратындағы Орталық музейде белгілі теміржолшы Асқар Сәр- сенбековті еске алуға арналған «Тағдырын теміржолмен тоғыстырған тұлға» атты дөңгелек үстел өтті. Магистральдық желі дирекциясы Адами ресурстар- ды басқару департаменті ұйымдастырған жиынға тарлан теміржолшымен бірге жұмыс істеген әріптестері мен ардагерлер, отбасы мүшелері қатысты.
Жиналғандар 40 жылға жуық өмірін теміржол саласына арнаған кәсіби теміржолшы Асқар Сәрсенбековтің білікті маман, бірегей басшы болумен қатар ерекше мейірімді, қамқор жан, әрі сурет өнерін хоббиына айналдырған шығармашылық иесі болғанын әңгімеледі. «ҚТЖ» ҰК» АҚ аппарат басшысы Серік Кеулімжаев тарлан теміржолшының салаға сіңірген еңбегі орасан зор екенін, зейнетке шықса да өмірінің соңына дейін консультативтік кеңес құрамында болат жолды дамытуға үлесін қосып, кейінгі буын мамандарға ұстаз бола білгенін тілге тиек етті.
1949 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында дүниеге келген Асқар Боранқұлұлы еңбек жолын Шығанақ станциясында №4 вагон депосының дәнекерлеушісі болып бастаған екен.
Сол депода 20 жыл еңбек етіп, депо бастығы лауазымына дейін көтерілген. Алматыда теміржол саласында арнаулы орта және жоғары білім ала жүріп жұбайы Бибіхан Тұрдалықызымен екі ұл, бір қызды өсіріп жеткізген. 1988 жылы Жамбыл жол бөлімшесінің бастығы, 1995-1998 жылдары Шу қаласының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметтерін де абыроймен атқарады. 2002 жылы теміржолға қайта оралып, ҚТЖ-ның кадр саясаты департаментін басқарады. Сонымен қатар компания басшысының Солтүстік аймақ бойынша өкілі, компания президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды, өмірінің соңына дейін Ардагерлер кеңесінде қызмет етті. «Құрметті теміржолшы» төсбелгісінің иегері, «Қозғалыс қауіпсіздігі үшін», «Адал еңбегі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.
А. Сәрсенбеков бойындағы тума талантының арқасында қылқаламмен қайталанбас тамаша туындылар тудырып, Қазақстан Суретшілер одағына мүше болды, зиялы қауым ортасына танылған теміржолшы. Сурет өнері саласында «Құрметті дизайнер» атанып, Суретшілер одағының «Құрмет» төсбелгісін иеленді.
Дөңгелек үстелге елге танымал қылқалам шеберлері де келіп, Асқар Боранқұлұлымен бірге әріптес болғанын, оның адамдық қасиеті жоғары, сан қырлы талантты жан болғанын айтып, естеліктерімен бөлісті. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Астана филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев, ҚТЖ Адами ресурстарды басқару департаментінің директоры Әлихан Қыраубаев, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Айтбеков және басқа да көзкөрген азаматтар естелігімен бөлісіп, теміржолшылар музейіне сыйға тартқан шығармалары көптің назарына ұсынылды.
Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК