Семейде «Мектепке жол» акциясы өтті

Биыл да Семей ЖТ бөлімшесінің салалық кәсіподақ ұйымы «Мектепке жол» акциясын дәстүр бойынша ұйымдастырып, балақайларды қуанышқа бөлеуде. Әсіресе, «білім кемесіне» алғаш мінетін 1 сынып оқушылары үшін есте қаларлықтай шаралар ұйымдастырылды.

Бұл ретте НОД-ЖТ кәсіподақ ұйымы мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған балаларды ата-аналары еңбек ететін бөлімшенің бас кеңсесіне жинап, шағын түрдегі көңілді кеш өткізді. Балдырғандарды алда келе жатқан білім күнімен құттықтаған кәсіподақ төрайымы Айгүл Берікболова мен кәсіподақ белсенділері барлығына оқу-құралдары салынған арнайы рюкзактарды салтанатты түрде тарту етті. Бұл күні барлығы 55 балақай осындай ерекше сый иеленді.

Салалық кәсіподақтың ұйытқы болуымен НЖС-6 бөлімшелерінде еңбек ететін теміржолшылардың балалары да сыйлықпен қамтылды. Мәселен, осы аптаның ішінде 100 оқушы қажетті құралдар салынған өте сапалы сөмкелер алды.

Сол тәрізді ұлттық компанияның арнайы тартуы шалғай жол айрықтарымен станцияларда тұратын 9 оқушыға салтанатты түрде табыс етілді. Олардың барлығы да көпбалалы отбасында тәрбиеленіп жатқан өрендер.

– Қазіргі таңда әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасында өсіп жатқан балалардың барлығы мектепке баруға дайын. Алыстағы Жүзағаштан бастап Ауыл станциясына дейінгі аралықтағы көмек қажет ететін барлық теміржолшыға бұйымдарды табыс еттік, – дейді НЖС-6 персоналды басқару жөніндегі бөлім бастығы Данияр Баймағұлов.

Айта кетер тағы бір жайт, бұл шаралардан өзге мектеп жасындағы балалары бар көпбалалы барлық теміржолшылар ұжымдық шарт аясында 4 АЕК көлемінде, яғни, әр бала үшін 14 768 теңгеден жәрдем алады. Қазір өтініштер қабылданып жатыр.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұловтың айтуынша, мұның барлығы ұлттық компанияның әлеуметтік саясаты аясында іске асырылып жатқан игілікті шаралар. Оның сыртында желі бойындағы жекелеген мекемелер басшылары да өз қызметкерлерінің балаларына республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілік танытып, жәрдем көрсетуде.

Қуаныш Қожаев, Семей

Суретті түсірген автор