Вы сейчас просматриваете СЕНІМ – БӘРІНЕН БИІК!

СЕНІМ – БӘРІНЕН БИІК!

Нарықтық заманда кәсіподақ жұмысының маңызы мен пәрменін жоғалтпай, керісінше беделін көтеру жолында
тер төгіп жүрген азаматтар аз емес. “ҚТЖ-Жүк тасымалы” ЖШС Ақтөбе филиалының кәсіподақ төрағасы Самат
Әлиев те теміржолшылардың әлеуметтік әлеуетінің артуы жолында қызмет етіп келеді.

Самат Ұлмағамбетұлы ұзақ жыл теміржолдың жолаушы тасымалы саласында еңбек еткен. Соңғы бес-алты жыл “Ақтөбе – ЖТ” филиалында кәсіподақ төрағасы. Батыс өңіріндегі үлкен филиалдың кәсіподақ жұмысын ұйымдастырып, оның міндетін абыроймен атқарып келеді.
– Кәсіподақтың жұмысы не? Біздің жағдайымызда, мысалы, ол – теміржошы халықтың адвокаты болу деген сөз. Ұжымдық шарт талаптарына сәйкес теміржолшы лардың еңбек ету құқығын реттеп отырудың артында көп нәрсе жатыр: жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарының бұзылмауын, еңбек қауіпсіздігін бақылап, жұмыс беруші мен жұмысшының арасында дәнекер болу үшін кәсіподақ өкілінің өзі алдымен сауатты, жан-жақты білімді, іскер болуы керек, – дейді кейіпкеріміз.
Аймақ кәсіподағының теміржолшылар арасында беделі артып, сенімге ие болып отыруының да сыры осында жатса керек. Кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен биыл балалардың демалыс лагері кең көлемде ұйымдастырылып, екі жыл
карантиннің есесін толтырды. Қарантин демекші, Самат Ұлмағамбетұлы кешегі індет кезінде бір отбасыдай жұмылған
теміржолшылар мен сала кәсіподағының жұмысы кім-кімге де үлгі болады деп санайды. «Басқа салаларды білмеймін, теміржолда әр жұмысшы жеке бас қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілді. Маска, антисептиктер үздіксіз таратылып тұрды. Жұдырықтай жұмылған ұйымшылдық арқасында теміржолшылар арасын індет кең тарай алмады, өлімжітім де көп болмады, – дейді кейіпкеріміз.
– Еңбек адамы алдымен не ойлайды? Әрине, отбасының амандығын, айлығының өскенін қалайды. Ал жұмысшының көңіл
күйі көтеріңкі болса, жұмысқа да ынтасы артып, жұмыс өнімділігі жақсарады деген сөз. Сондықтан біз, кәсіподақ теміржолшылардың жұмысы тиісті бағаланып, отбасына тиесілі көмектерді алып, сол еңбегіне лайық демалып, денсаулығын түзеп, балалары да жазда демалыс лагерінде болып, білім күніне орай киім-кешегіне, керек-жарағына қосымша көмек алып, қысқасы, теміржолшының лайықты еңбек етіп, өмір сүруі үшін бәрін жасаймыз, – дейді С.Алиев.
1980 жылы еңбек жолын жолаушылар пойызына жолсерік болып бастаған кейіпкеріміз резервте эксплуатация бойынша
орынбасар, вокзал бастығы секілді жауапты қызметтер атқарған. Оны кәсіподақ қызметіне ұсынғандар Самат Ұлмағамбетұлының көпшілікпен жұмыс жасай білу қабілетіне сенім артқан. Ал, сенім бәрінен биік. Еңбек ұжымдарында
әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы үшін тынымсыз еңбектеніп жүрген кәсіподақ жетекшісі оны жақсы түсінеді.

Ардақ ЕРУБАЕВА,
Ақтөбе

Суретті түсірген автор