«Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филилалы Кәсіподақ комитеті ардагерлер кеңесінің кеңсесінде теміржолшы ардагерлердің қатысуымен шахматтан турнир өтті. Қазақстан теміржолының 120 жылдығына орай ұйымдастырылған зияткерлік ойынға теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген ардагерлер қатысты.
Жарыстың ойдағыдай өтуіне Ардагерлер кеңесінің хатшысы Назира Құрманбекова мен кәсіподақ ұйымының сарапшысы Тоқтар Бекова және спорт нұсқаушысы Елена Маншина жетекшілік етті. Үш айналым бойынша өзара сайысқан ардагерлердің ойыны өте тартысқа толы болды. Қызығы сол, сайыста жеңімпаз атанғандармен қатар, жеңілгендерге де сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетілді.
– Бүгінгідей шараны өткізудегі мақсатымыз зейнеткерлердің басын қосып, бір сәт көңіл сергіту болып табылады. Қарттарға осындай мүмкіндік жасап жатқан кәсіподақ ұйымы мен темір жолда тер төгіп жүрген жетекшілерге ризашылығымызды білдіреміз, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаев.
Айта кетейік, өзара күш сынасып, жеңімпаз атанған Асқар Әбішев пен Сади Сайранбаев және Павел Маншин алдағы уақытта Теміржолшылар күніне орай Астанада өтетін республикалық турнирге жолдама алды. Ендігі жерде осы үштіктен құралған шахматшылар тобы 17 өңірден келетін кіл мықтылармен күш сынасып, өңірдің намысын қорғайды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Шымкент