Ғалымжан Тасов – Арыс локомотив пайдалану депосындағы техникалық шеберхананың ауысым шебері. Оның міндетіне сапарға шығатын әрбір электровозды техникалық байқаудан өткізетін мамандардың жұмысын жүйелеу, реттеу арқылы олардың өздеріне тиесілі міндеттерді мінсіз атқарып шығуын қамтамасыз ету жатады.
Сонымен қатар, локомотивтің қай бөлігіне қандай өзгеріс енгізілгеніне қатысты ескертпелерді құжат актісіне толтырып отырады. «Жалпы, біз мынау алып электровозды жетіге бөлеміз. Яғни, жалпақ тілмен айтқанда, локомотивті «жеті жілікке» бөлеміз десек, түсінікті болса керек. Енді сол «жеті жілікті» нақтылай түсейін: төбе жабынында орналасқан құралдарды қараушы; электр құрылғыларын қадағалаушы; автоматикалық құрылғыларды қараушы; мотор бөлігін бақылаушы; жүріс бөлігінің құрылғыларын тексеруші; жанар-жағармай-суының жай-күйін қараушы және аккумулятор секцияларын байқаушы. Әр ауысымдағы 14 маман осы аталған бағыттар бойынша локомотивтерді мұқият тексеріп, қадағалап, кем-кетігін қалыпқа келтіріп шығады», – дейді Ғалымжан Оспанханұлы.
Айтуынша, электровоздардағы көміртекті пластиналар ең көп тозатын заттар санатына жатады. Себебі, бұл құрылғы мыңдаған вольтты құрайтын тоқтың локомотив моторына жеткізілуін қамтамасыз ететіндіктен, оның үстіңгі бөлігіне бекітілетін көміртекті пластиналар бағанадағы электр желісіне үнемі үй келетіндіктен оның тозу мүмкіндігі тым жоғары. «Сондықтан да ол жиі, әрбір 9-10 мың шақырым сайын ауыстыруды қажет етеді», – дейді.
Қыс кезінде қар жауып, соңы мұздаққа айналған кезде «виброфотограф» деген құрал пайдаланылады. Ал оны қолдану құқы арнайы бұйрық негізінде машинист пен оның көмекшісіне және арнайы нұсқаушыға ғана тиесілі.
Яғни электровоз төбесіндегі шанаға орналасқан дірілдету құрылғысы арқылы электр желісіндегі мұздақтарды түсіреді. «Бұл әлгінде айтқан электровозды электр қуатымен қоректендіруші – көміртекті пластиналардың тозу деңгейін төмендетіп, қауіпсіз қызмет көрсету мерзімін ұзарта түседі», – дейді ПТО цехының аға шебері.
Қазіргі кезде Арыс қаласындағы ПТО цехында 3 канава қызмет көрсетсе, сапарға шыққан әрбір локомотив 36-48 сағаттан соң осы цехқа қайта келіп, мамандардың мұқият тексерісінен өтеді. Соның нәтижесінде локомотивтерден ақау шықпай, жұмыс іркіліссіз жалғасын тауып келеді. Локомотивтер нақты уақытпен кіріпшығып жатады. Мәселен, жолаушылар тасымалына арналған электровозға 1 сағат берілсе, жүк тасымалдауға арналған локомотивтерге 1,5 сағат уақыт беріледі. Осы аралықта Ғалымжан Оспанханұлы бастаған мамандар алып техникаларды түгел тексерістен өткізіп, анықталған ақауларды дер кезінде жөндеп, қалыпқа келтіріп үлгеруі тиіс.
Теміржолшылар қаласында туып өскен Ғалымжан 8-ші класты бітірген бетте-ақ Арыс қаласындағы теміржол колледжіне түскен. Бірнеше жылдан соң Алматы теміржол техникумын бітіреді. Ал М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация академиясын сырттай оқып, жоғары білім алған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Арыс
Суретті түсірген автор