«ШЕБЕРЛЕР АЛАҢЫНДА» ШЫҢДАЛДЫ!

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да компанияның оқыту шеберлеріне өндірістік білім беруге арналған «SHEBERLER ALANY» форумы өтті. Қауіпсіздік минуты, панельдік сессиямен басталған форум түстен кейін тимбилдинг және марапатпен жалғасын тапты.

Сессия тақырыбы «Күрделі жайттар туралы. Нұсқаулықтан сызбаға өту» деп аталды. Оны форум қатысушыларына
«Смыслотека» компаниясының негізін қалаушылардың бірі, бизнес жаттықтырушы Сергей Гевлич өткізді. Сессия барысында ол теміржолшыларға «Нұсқаулықты қалай құру керек?», «Ең үздік нұсқаулық қандай болады?» деген сауалдарға жауап табуға тапсырма берді. Бұл ретте залдағы қатысушыларды үш-үштен бөлініп, топ құруға шақырды. Бөлінген топтар тақырыпты өзара талқылап, ең үздік нұсқаулық үлгісін бір смартфоннан ұйымдастырушыларға арнайы QR код арқылы жолдады. Одан бөлек әр топтың бір өкілі микрофон алып, ең үздік нұсқаулыққа қойылатын талаптар туралы қысқа да нұсқа ойларын жеткізді.
200-ден астам өндірістік оқыту шеберлері мен нұсқаушылар қатысқан форум туралы теміржолшылар пікірі өте жоғары.
– «Шеберлік алаңы» форумы аясында биыл қыркүйек айында Қарағандыда үш күн оқудан өттік. Оқудың пайдасын жұмыс барысында қолданып, тиімділігін көріп жатырмыз. Заман талабына сай оқытудың жаңа әдістерін үйретті. Компания басшылығы тарапынан өндірістік оқуға осылай көңіл бөлінуі өте дұрыс қадам деп есептейміз. Себебі мұның бәрі қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Міне бүгін сол форум аясындағы іс-шаралар елордада қорытындыланып жатыр, – дейді Шалқар ПЧ-8 мекемесінің оқыту шебері Сәкен Жақып.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Экспресс» филиалының оқыту жөніндегі шебері Эльмира Егембердиева да теміржол мекемелерінде осындай іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті.
– Мұндай форум мен жұмыс істегелі бірінші рет өтіп жатыр. Оқу барысында үйренген әдістер арқылы өзімнің жұмысыма керектінің бәрін алдым. Біз тамыз айында офлайн, сосын өткен айда онлайн форматта оқыдық. Алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын тапса деген тілегіміз бар, – дейді ол. Одан әрі форум барабан соғу тимбилдингімен жалғасты. Оны Санкт-Петербургтен келген музыкант Антон Филатов жүргізді. Қатысушылардың көңілін көтеріп, сергіту мақсатында өткен тимбилдинг барысында барабан ойнау, әуен ырғағымен таяқ ұру, сылдырмақ соғу арқылы теміржолшылар
күнделікті бірсыдырғы тірліктен бір ауық басқа әлемге өтіп, бой жазып, демалып қалғандай болды. Форум соңында үш модульді оқыту бағдарламасының жұмысы қорытындыланып, барлық қатысушылар оқудан өткендігі туралы арнайы сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар бірқатар қызметкерлер өндірістік оқуды ұйымдастыру және өткізу бағытындағы қажырлы еңбегі мен кәсіби адалдығы үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қанат
Әлмағамбетовтің Алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ, қоса осы форум қатысушылары арасынан алдағы жылы «Ішкі тренер» корпоративтік бағдарламасы бойынша оқуға 20 оқыту шебері таңдап алынып, оларға сертификаттар берілді.

Источник

Райхан РАХМЕТОВА,
Астана

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК