Шеберліктерін шыңдады

Маңғыстау жол дистанциясының теміржолшылары салалық кәсіп- одақтың 30 жылдығына орай шағын футболдан жарыс өткізді.

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жігіттер теңбіл допты армансыз теуіп, командалар бір-бірінен шеберліктерін асыруға тырысты. Әрі бұл алдағы ойындарға мекемеден мықты құраманы дайындауға да ықпал еткені анық. №3 өндірістік телімнің жолшыларынан құралған команда қарсылас шақ келтірмей, ойын соңында жүлделі бірінші орынға шықты. Екінші орынды иеленген инженерлерден құралған топ та осал еместіктерін танытты, ал соңғы орынды транспорттық блок қызметкерлері алды. Жүлдегер командалар кәсіподақ ұйымының диплом және қаржылай сыйлығымен марапатталды.

– Осындай дистанцияішілік сайыс ойыншыларды шыңдауға жақсы, компания бойынша өтетін шағын футбол жарысына мықты команданы бүгінгі ойын қорытындысы бойынша іріктейтін боламыз. Жарыс керемет өтті, футбол хоббиіне айналған, нағыз теңбіл доп шеберлерінің ойыны болды. Жігіттеріміз демалыс күні болғанына қарамастан түгел қатысып, ерекше белсенділік танытты. Шеберліктерімен ерекшеленіп, қызықты ойын үлгісін көрсеткендер түрлі номинациямен марапатталды. №3 өндірістік телім бастығының орынбасары Нұрболат Құбашов «Үздік қақпашы», осы телімнің жол жөндеушілері Абылай Бұзан «Үздік шабуылшы», Азамат Жолдыбай «Үздік қорғаушы» атанды, – дейді Маңғыстау жол дистанциясы кәсіподақ ұйымының төрағасы Болат Абатаев.

Шахида Жұман, Маңғыстау

Суретті түсірген автор