Шекаралық ынтымақтастық аясында

Ақтөбеде «Қазкөліккәсіп» ҚБ мен «РОСПРОФЖЕЛ» ҚБ қызметкерлерінің басқосуымен дөңгелек үстел өтті. Шекара маңындағы қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде өткен басқосуда кәсіподақ қызметкерлері ақпарат алмасып, тәжірибе бөлісті.
Екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жылдар бойы қалыптасқан. Жиында әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасы бар көрші екі ел теміржолшылары арасындағы байланыс, бүгінгі таңдағы әлеуметтік ахуал, сала еңбеккерлеріне жасалып жатқан жағдай сөз болды. Сонымен қатар қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері қызу талқыланды.
Шұғыл оқиғаларда қабылданатын шешімдер мен құқық қорғау қызметкерлерімен байланыс сөз болды. Сапалы қызмет жобасын жетілдіру, өндірістегі қауіпсіздікті арттыру тақырыптары сөз болды.
Сонымен қатар қос елдің кәсіподақ қызметкерлері ұзақ жылғы бірлескен байланысты, ынтымақтастық қатынасты одан әрі дамыта түсу жолдарын қарастырып, теміржолшылар мүддесін қорғау жолында қызмет сапасын арттыру жайын талқылады.
Көрші ел делегациясы Қазақстанда жасалып жатқан жұмыстарға оң баға берді. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» Батыс аймақтық филиалы директоры Бөріхан Беркімбаевтың баяндамасын мұқият тыңдап, теміржол саласының дамып жатқанына көз жеткіздік. Кәсіподақ пен қызметкерлер арасында тұрақты байланыс орнаған. Ең бастысы, мемлекеттен теміржол саласына қолдау бар екені көрінеді. Біз шекаралас теміржолдар арасында байланыс арта түсіп, ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыруға мүдделіміз, – деді «ДОРПРОФЖЕЛ» ЮУЖД Орынбор филиалының жетекшісі Анатолий Синенко.
Басқосуға қатысқан «Қазкөліккәсіп» ҚБ бас инспекторы Қайрат Мұқановтың мәлімдеуінше, қауіпті аймақта жұмыс істейтін теміржолшылардың қауіпсіздігі кәсіподақтың басты назарында.
Қауіпсіздік пен еңбекті қорғауға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауда ұстап, бастамашыл болып отырады.
«Жыл басынан бері Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Семей және Алматы өңірлеріндегі 10 теміржол өткелінде пилоттық режимде «Бүркіт» аппараттық-бағдарламалық бейнебақылау кешендері
орнатылды. Жыл соңына дейін бейнетіркеу жүйелері тағы 50 теміржол өткеліне орнатылады», – деді Қайрат Қазезтайұлы.
Тараптар үшін маңызды кездесу соңында қонақтар ортақ мүдде жолындағы жұмыстарына сәттілік тілеп қоштасты.
Ардақ ЕРУБАЕВА,
Ақтөбе
Суретті түсірген автор