Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының Шорнақ-Түркістан телімінде екі тараптық автобұғаттау жүйесінің монтажын шалқар әдісін қолдану арқылы жүзеге асырылды.
Дистанцияның өндірістік бөлім басшысы Нұрлан Жәнібеков нысанаға алынған шаралардың техникалық талапқа сай жүргізіліп, толық аяқталғанын білдірді. Жалпы «Шалқар тәсілі» бойынша екі тарапты автобұғаттауды осы әдіспен жасау дегеніміз, егер жол екі жолақты перегон болған жағдайда екі жолдың біріне күрделі жөндеу жасалатын жағдайда немесе өзге де жағдайлар туындағанда аз ғана уақыт ішінде автобұғаттау құрылғыларын жұмысқа дайындап, пойыздар қозғалысын ұйымдастыру болып табылады.
– Біздер бұл тәсілмен бұған дейін де жұмыс жасадық. Бүгінгі жұмыс ауқымды болғандықтан бұл жолы бізге Арыс белгі беру дистанциясы көмекке келіп, олармен бірге Шорнақ – Түркістан перегонының екі тараптық автобұғаттау жүйесінің монтажын жасадық. Шорнақ электрлендірілген орталығы постында Шорнақ – Түркістан учаскесіндегі 14 релелік шкафты монтаждау жұмыстары аса ыждағаттылықты қажет етті. Атқарылған жұмыстар учаске басшылары Мақсұт Өмірзақов пен Руслан Ермахановтың қадағалауымен жүргізілсе, оларға басты көмекті техникалық құжаттама тобының жекетшісі Нұрлан Аймахан мен сенімділік тобының басшысы Рүстем Жасыбеков көрсетіп, құрылғылардың технологиялық талаптарға сай монтаждалуын бақылап отырды. Бұл дистанция бойынша атқарылған ауқымды жұмыс болғандықтан жұмысшылардың ас-суын, ыстық тамағын Ғалия Қожахметова бастаған кәсіподақ ұйымының мүшелері әзірлеп әкеліп, әріптестеріне қолдау білдірді, – деді өндірістік бөлім басшысы Нұрлан Жәнібеков.
Жалпы биыл Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясы телімдерінде ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Мәселен жоғары жиіліктегі Raisekom (Роиском) оптикалық талшықты заманауи сандық байланыс құрылғысының жұмысқа енгізілуі, Бесарық-Сауран учаскесінде екі тараптық автобұғаттау жүйесінің монтаждау кезінде Екпінді станциясындағы модульдік электрлендірілген орталықтың пайдалануға берілуі, т.б. дистанциялықтардың сапалы еңбегінің көрінісі.
Сабырхан Сейілбекұлы