СОҢҒЫ РЕЙСТЕН – ЗЕЙНЕТКЕРЛІККЕ!

Қазалы локомотив пайдалану депосының ұжымы майталман машинист Әділхан Әлмахановты зейнет жасына ерекше жағдайда шығарып салды. 40 жыл бойына локомотив тізгіндеген машинист жолаушылар тасымалындағы соңғы
рейсін Тальго пойызымен аяқтады.

Теміржолдағы еңбек өтілі 230 жылдан асатын әулеттен 3 «Құрметті теміржолшы» шыққан. Сондай-ақ бұл әулеттің
қазіргі жас буыны Тоқтар Әлмаханов – «ҚТЖ-100 жас есім» жобасының қатысушысы.
– Теміржолшылар отбасында дүниеге келіппін. Бұл – мен үшін үй мен түзде бірдей, өмірімнің өзегіне айналған
сала. Әкем Әлдебай КСРО кезінде «1 млн км апатсыз» деген медаль алған, Құрметті теміржолшы атағының иегері.
Ағаларым Қанат пен Әскербек те талай жыл теміржолда тер төгіп, Құрметті теміржолшы атанған. Әділбек ағам да
машинист болып, зейнетке шыққан.
Осылайша Қазақстан теміржолы – біздің екінші ұямызға айналды. Осы саладан несібемізді тауып, отбасымызды асырап, адал еңбектің арқасында үлкен беделге де ие болдық. Бір қуанарлығы, теміржолдағы кәсіп ұрпақтарымызға жалғасып жатыр, – дейді 57 жасында салалық зейнетақымен еңбек демалысына шығып отырған Әділхан Әлмаханов.
Кейіпкеріміз 1982 жылы мектепті бітірген соң Ақтөбе тепловоз жөндеу депосында слесарь болып жұмысын
бастаған. 1983 жылы Қазалы бекетінде машинист көмекшісін дайындайтын техникалық мектепті бітіріп, 1984-
1986 жылдары Отан алдындағы әскери борышын Германияда өтейді. Елге оралған соң Қазалы локомотив пайдалану депосында машинист көмекшісі болып бастап, 2003 жылы машинист, 2007 жылы 2 класты машинист, бес
жылдан соң 1 класты машинист атанып, 2007-2022 жылдар аралығында жолаушылар тасымалын жүргізді.
Соның ішінде 2012 жылдан бері Тальго пойызын тізгіндеді. Депо ұжымы тарлан теміржолшыны үлкен құрметпен
зейнетке шығарып салды.


Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген автор