Бүгінгі кейіпкеріміз, «Ардагерлер салауатты өмір салты үшін» спорт клубының мүшесі Рысхан Ақбергеновті бір көрген
жан алпыстан енді асқан ел ағасы деп ойлауы әбден мүмкін. Күні кеше жетпістің бесеуіне толған ардагердің сергек те ширақ қимылы жастарға үлгі боларлық.
Рысхан Есенжолұлы Семейдің Аягөз ауданына қарасты Жыланды станциясында 1947 жылдың 13 қыркүйегінде теміржолшы отбасында дүниеге келіпті. Әрине, мектепте оқып жүріп-ақ әке жолын қуып теміржолшы болуға бел байлайды. Орта мектепті бітірісімен сол өзі туған Жыланды станциясына жол монтері болып жұмысқа орналасады. Көп ұзамай әскерге алынып, үш жыл Мурманск қаласында борышын өтеп келеді. Елге оралған соң Алматы теміржол техникумына оқуға түсіп, оны теміржол көлігінің телемеханик және байланысшы мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады.
Еңбек жолын қарапайым жол монтерінен бастаған кейіпкеріміз әрі қарай кәсіби мамандығы бойынша еңбек етіп, әртүрлі қызметтік лауазымдарды атқарып, Семей станциясының бүкіл диспетчерлік қызметіне жетекшілік еткен кездері де болды. Жылдар легінде майталман маман «Адал еңбегі үшін» медалі мен «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталып, мәртебесі арта түсті. Айта кетейік, Рысхан ағамыздың жан жары Жұмағайша да ардагерлер қозғалысының белсенді мүшесі. Отбасылық тандем ҚТЖ көлемінде өткен барлық спорттық шараларда бірге көрініп, бәйгенің алдын бермей келеді. Тек теміржолшылар арасында ғана емес, астаналық ардагерлер арасында да танымал. Ерлі-зайыптылар Мәскеу қаласында
ТМД теміржолшылары арасында өтетін спорттық жарыстарға да әлденеше рет қатысып, шахмат, жүзу, теннис, армрестлинг, күрес, волейбол түрлерінен Қазақстан намысын қорғап, үздік үштіктің қатарынан табылып жүр.
Орталық ардагерлер кеңесінің ұжымы Рысхан Ақбергеновті 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, ардагер теміржолшыға бақытты да баянды ғұмыр, мықты денсаулық тілеп, лайықты сый-құрмет көрсетті.
Сұлугүл БАКЕС