Қазақстан теміржолының 120 жылдығы мен Маңғыстау теміржолының 60 жылдығы құрметіне түбек теміржолшылары арасында спорттың бірнеше түрінен сайыс өтті.
Спорт нұсқаушыларының ұйымдастыруымен Бейнеу станциясында теміржолшылар шағын футболдан, Өзен станциясында асық ату, ләңгі тебу, арқан тартудан жарысты. Бейнеудегі сайысқа жергілікті теміржол мекемелерінен жеті команда қатысып, бірінші орынды Техникалық қызмет көрсету орталығының жігіттері жеңіп алды. Бейнеу станциясы екінші, Қалпына келтіру пойызының ұжымына үшінші орын бұйырды. Сондай-ақ, ВП-11 мекемесінен Дархан Белеуов «Үздік ойыншы», станциядан Айболат Әлиев «Үздік қақпашы», вагон қараушы Азамат Өмірғалиев «Сұр мерген» аталымына ие болды.
Жаңаөзенде өткен ұлттық ойындар жарысына қатысушылардың да қарасы көп болды. Бәрінің бірдей асығы алшысынан түспесе де, асық атуға қазіргі жастардың да ебі бар екені көрініп тұрды. Вагон депосынан Тұрар Ниязов бірінші орын алса, Өзен станциясынан Самал Зұлпыхаров – екінші, Саламат Жанжігітов үшінші орынға ие болды. Ләңгі тебу де өнер, байланыс және белгі беру дистанциясынан Айтуар Утеулиев шеберлігімен бас жүлдені еншілесе, Тұрар Ниязов екінші, Берден Жанасов үшінші орын алды.
Арқан тартуда бірінші орынның жеңімпазы байланыс және белгі беру дистанциясы болды. Екінші орынға электрмен жабдықтау дистанциясы, үшінші орынға вагон депосы жайғасты. Жеңімпаздар ақшалай сыйлық және дипломдармен марапатталды.
Ал Маңғыстау станциясында шағын футбол жарысы өтті. Жеңімпаз команда Батыс өңірлік жарысқа жолдама алатындықтан қатысушы он команданың бәрі де есесін жібермеуге тырысып бақты. Ойын қорытындысы бойынша Құрық портынан келгендер бірінші, Байланыс және белгі беру дистанциясының командасы екінші, локомотив депосының ұжымы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаз командалар қаржылай сыйлық, дипломмен марапатталып, бірінші орын алған команда Батыс өңірлері аралық белдесуде бақ сынау мүмкіндігін алды.
Шахида Жұман