25 қараша – Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күніне орай Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде еңбек ететін бір топ қыз-келіншектер киелі Түркістанға саяхат жасады.
Қым-қуыт тіршілікті бір сәтке ұмыттырып, рухани серпіліс сыйлаған танымдық турды кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды. Жыл сайын бұл күні кәсіподақ ұйымы бөлімшеде еңбек етіп жатқан қыз-келіншектер арасында түрлі спорттық спартакиадалар өткізетін. Биыл ол үрдіске өзгеріс енгізіліп, 50 қызметкерге тарихи жерлерге саяхат ұйымдастырылды.
– Саяхат барысында арнайы гид қызмет көрсетті. Талапқа сай алғашқы медициналық қызмет көрсететін фельдшерді де ұмытқан жоқпыз. Біркүндік туристік сапар кезінде теміржолшы қыз-келіншектерді «Домалақ ана» кесенесіне, жергілікті тұрғындар «Үңгіртас» атап кеткен Ақмешітке, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне апардық. Арыстан баб кесенесінде құрбан шалып, саяхатшыларға түскі ас беріп, кесене аумағына жеміс ағаштарын отырғыздық, – дейді ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Серік Наурызбаев.
Түркістан қаласында туристер міндетті түрде соқпай кетпейтін архитектурасы ерекше «Алтын самұрық» театры бар. Жамбылдық саяхатшылар ұшатын театр аталып кеткен алтын шардың алдында аспанға түрлі-түсті шар ұшырды. Керуен сарайдағы кешкі шоу бағдарламаны тамашалады.
«Бұл тарихи және танымдық тур кереметтей рухани байлық, тазару сыйлады», – дейді саяхатшылар.
Ардақ Үсейінова