Жуырда ел шығысына арнайы жұмыс сапарымен келген «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев Семей ЖТ бөлімшесіндегі «Түрксіб-Семей» мұражайында болып, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.
Жалпы, «Түрксіб-Семей» мұражайында теміржол тарихында сирек кездесетін мағлұматтар мен тың деректер, көне басылымдар, фотосуреттердің мол қоры жинақталған. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей өңірі бойынша өкілі Есен Қажығұлов аталмыш мәдени орынның қызметі баса назарға алынғанын айтады.
Қазіргі таңда кәсіподақ қарауына алынған мұражайда 1145 дана жәдігер бар. Тарихи мәні зор бұйымдардың қатары әлі де толықтырылу үстінде. Бұл ретте жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы бөлімше ардагерлерінің ақыл қосуымен, осы мұражайды ашуға мұрындық болған алғашқы директоры, Құрметті теміржолшы, қоғам белсендісі Мақсұт Көшжановтың кеңесімен жүзеге асырылуда.
Мұражай жәдігерлерімен танысқан Оразғали Төлепбекұлы теміржолшылар мен қала қонақтары жиі бас сұғатын мәдени орынның алдағы уақыттардағы қызметін жандандыру мен жаңа экспозициялық мүйістерді жабдықтау бойынша өз ұсынысын да білдірді. Қазіргі таңда теміржолшылар музейі облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен, ардагерлер кеңесімен де тығыз байланыс орнатқан.