Түрксіб станциясының бүгінгі тынысы

Түркістан-Сібір теміржолының құрылысымен қатар бой көтерген Луговой станциясы бүгінде «Түрксіб» деп аталады. Ірілі-ұсақты 12 теміржол кәсіпорны шоғырланған станция теміржолшылар ауылы деуге болады.
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түрксіб станциясы арқылы Астана, Қарағанды, Алматы, Тараз, Бішкек бағыттарымен үздіксіз пойыздар өтіп, жан-жақпен байланысты нығайтып отыр. Экономиканың күретамыры теміржол тарихынан хабар беретін «Бұл жерде 1927- 1930 жылдары салынған Түркістан-Сібір темір жолы басталған» деген ескерткіш тақта вокзалға келушілердің назарына бірден түседі.
– Теміржолшылар кентінде жүзеге асырылып жатқан жұмыстар аз емес. Ауылды абаттандыру, халықтың жүріп-тұруына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында 4000 метр жаяу жүргіншілер жолы салынып, орталық көшелерде арықтар қазылып, көпір орнатылған. Мәдениет үйі жанындағы орталық саябаққа көріктендіру жұмыстары жасалып, әсем ағаштар мен балалар алаңқайы, жаттығу орны тұрғызылды, жазғы футбол алаңы да бар. Кішкентай балаларға арналған әр түрлі аттракциондар қызмет атқарады. Сондай-ақ 23 көше жарықтандырылып, мектептің алаңқайында «Жастар аллеясы» бой көтерді. 35 көше жөндеуден өтіп, асфальт төселіп, таза ауыз су жүйесі жүргізілді. Ауылымыздағы 2 мектеп, 2 балабақшаға газ кіргізілген. Бүгінде мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Балаларды мектептен тыс уақытта түрлі үйірмелерге баулу мақсатында ауылымызда «Балалар мен жасөспірімдер орталығы» және 160 орындық «Балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубы» жұмыс істейді, – деп мәлімет берді ауыл әкімі Мұратбек Сванов.
Иә, Түрксіб деген тарихи атауды иемденген теміржолшылар ауылы жылдан жылға түрленіп келеді. Мұндағы жұрттың ендігі тілегі – вокзал ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, алаңы абаттандырылса дейді. Алда «23-магистраль» атанған Түркістан-Сібір теміржолының 100 жылдығы келе жатыр.
Ерман Әбдиев