Түрксібте кәсіподақ ұйымын басқарған

Аты аңызға айналған Түрксіб теміржолының құрылысы сол кездегі қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік тұрмысын түбегейлі өзгертуге ықпал етті. Қазақстанда теміржолшы кәсібі пайда болып, жұмысшы интеллигенциясы қалыптасуы да Түрксібтен басталады десек, қателеспейміз. Нұрғали Амандосов – Түрксібте кәсіподақ ұйымын басқарған алғашқы ұлттық кадрлардың бірі.

Қарағанды өңірінің тумасы Нұрғали Амандосов 1907 жылы дүние келген, өткен ғасырдың отызыншы жылдары елді қысқан ашаршылық жылдары отбасы күнкөріс қамымен Жетісу жаққа қоныс аударады. Көп ұзамай Түркістан – Сібір теміржолының құрылысы басталып, көппен бірге сол құрылысқа жер қазушы болып жұмысқа алынған ол Түрксібте ашылған түрлі курстарда оқып, сауатын ашып, білімін жетілдіріп, құрылыс біткенде нағыз маман болып шығады. 1930 жылы 20 сәуірде Айнабұлақ станциясында Түрксіб түйіскен салтанатты шараға қатысқандар қатарында болған Амандосов ендігі өмірін теміржол саласына арнауға шешім қабылдайды.
Пайдалануға берілген алғашқы күннен бастап Түрксіб темір жолы сауатты жергілікті кадрларға мұқтаж болды. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу, қолынан іс келетін азаматтарды жұмысқа тартып, тәрбиелеу жол басқармасының басты міндеті болды. Басымдық құрылыста жұмыс істеп шыңдалған кадрларға берілді. Н.Амандосов Түрксіб теміржолының Жолдық кәсіподақ төрағасы болып сайланғанда отыздан асқан жігіт екен.
Түрксіб темір жолында жұмыс күшінің тұрақсыздығы үлкен мәселе болды. Оның басты себебі – жалақының тұрақты берілмеуі, құрал-саймандар жетіспеуі, тұрғын үй-тұрмыстық жағдайдың нашарлығы, т.т. болатын. Сондықтан теміржолшы халықтың мүддесін қорғап, жергілікті халықпен тіл табысып, жұмысқа тарта білетін сауатты жігітті «Дорпрофсож» төрағалығына сайлаған Түрксіб басқармасының басшылығы кәсіподақ жұмысында тәжірибесі болмаса да Амандосовтың ұйымдастырушылық қабілеті мен өткірлігіне сенім артса керек.
Теміржол басшылығының сенімі алдамапты. Дорпрофсож – ол кезде өте беделді ұйым, қалалық және партиялық кеңес алдында теміржолшылар мүддесі үшін кәсіподақ төрағасы жан алып, жан беріп еңбек етті. 1- Алматы ауданында тұтастай теміржолшылар қоныстанған квартал мен бірнеше мектеп, балабақша, стадион, теміржолшылардың мәдениет үйі, тағысын тағы маңызды объектілердің бой көтеруіне Нұрғали Амандосовтың қосқан үлесі зор. Тек Алматы ма, жол бойындағы станциялардың да әлеуметтік жағдайы жақсарып, теміржолшылар тұрмысы түзелген тұс болды. 1938-39 жылдары теміржолда жұмысшылардың жалақысы 4,5 есе өсті.
Ұлы Отан соғысы басталар кезде Н.Амандосов Мәскеуде білімін жетілдіріп, Көлік академиясының жылдамдатылған курсын бітіріп келді. Партия дайын кадрды Гурьев партия комитетінің көлік бөліміне меңгеруші етіп жіберді.
Соғыс жылдарында майдан даласына теміржолмен қару-жарақ, керек-жарақ, мұнай өнімдерін жөнелту сынды жауапты жұмысты атқарды. Соғыстан кейін Талдықорған облыстық партия комитетінде кадр саласын басқарды. Мамандардың іскерлік және моральдық қасиеттерін білу мен бағалау, кез келген жұмыстың тігін жатқызып ұйымдастыру қасиеті оның бойынан табылатын еді.
Сондықтан 1950 жылдары Алматы теміржолына қайта оралған Н. Амандосов кадр бөлімін басқарып, теміржолшылардың әлеуметтік мәселелерін шешу, салаға маман дайындау жұмысына бел шеше кірісті. Әсіресе ауылдан келген жастарды кәсіпке баулып, оқытып, тәрбиелеуге көп еңбек сіңірді. Сол жылдары құрылысы жүріп жатқан Ақтоғай – Достық теміржолына барған бір сапарында Жоңғар қақпасы ауданында қатты суық тиіп ауырып, сол науқастан айыға алмай бір жылдан соң 1964 жылы дүниеден өтеді.
Нұрғали Амандосовтың салаға сіңірген еңбегі мен қоғамдық қызметі жоғары бағаланып, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен және «Құрметті теміржолшы» төсбелгісімен марапатталған. 11 баласынан тараған ұрпақтары арасында теміржолда тер төгіп жүргендері баршылық, қызы Мәкен Нұрғалиеваның айтуынша, Амандосовтардың
теміржолдағы жалпы еңбек өтілі 300 жылды құрайды.
Ұлан ОРАЗ