Семей теміржолындағы «Түрксіб-Семей» мұражайына биыл 10 жыл толады. Осы аралықта бірнеше көрме экспозициялары ашылып, көне жәдігерлермен толыға түскен мәдениет ошағының аймақ жұртшылығына, теміржол тарихына қызығушыларға берер рухани мұрасы да жыл сайын артуда.
Осы орайда Семей ЖТ бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы, Құрметті теміржолшы Алик Досанов бөлімше басшылығымен кеңесе отырып, бірқатар тың бастамаларды қолға алды. Мысалы, әуелгі кезекте келімді-кетімді жолаушылар нөпірі мол Семей вокзалының төріне даңқты суретші Әбілхан Қастеевтің әйгілі «Түрксіб» картинасының үлкейтілген нұсқасы ілінді.
Мұражай да бүгінде осы вокзал ғимаратында қоныс тепкен, яғни келген-кеткен жолаушы үшін де есігі ашық. Жолаушыларға байырғы Түрксібтің өткен тарихын бір сәттік көрініспен түсіндіретін туынды теміржол бекетіне ерекше сән беріп тұр.
– Бұл тек бастамасы. Алдағы уақытта «Түрксіб» музейінің мерейтойына орай аймақ тарихынан, Семей теміржолының өткенінен мол мағлұмат беретін тың бағыттағы көптеген қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Семей – шын мәнінде Түрксіб теміржолының бастау алар түп қазығы, – дейді семейлік кәсіподақ белсенділері.
Айта кетерлігі, бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы бөлімше ардагерлерінің ақыл қосуымен, осы мұражайды ашуға мұрындық болған алғашқы директоры, Құрметті теміржолшы, байланыс саласының ардагері, қоғам белсендісі Мақсұт Көшжановтың кеңесімен жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда кәсіподақ қарауына алынған мұражайда 1145 жәдігер бар екен. Мұражай әсіресе өскелең жас буын мен қала қонақтарының жиі келетін орнына айналған.
Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Суретті түсірген автор