Тұңғыш машинис әйелдің сирек кездесетін құжаттары ҚТЖ музейіне табысталды

     Қазақстанда соғыс жылдары паравоз тізгіндеген 4 әйел машинист болған. Солардың бірі Забира Жүсіпова туралы деректер ҚТЖ бас музейіне жеткізілді.

«Қазкөліккәсіп» ҚБ өкілдерінің бастамасымен тұңғыш машинист қазақ әйелі туған бұрынғы Луговой қазіргі Түрксіб станциядағы мектепте сақталған құжаттар енді музейдің бір бұрышынан орын алатын болды. Орталық музей менеджері Ақмарал Молдашева алдағы уақытта өткен ғасырдың орта шенінде паравоз тізгіндеген әйелдерге арнап бөлек стенд жасауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Олардың арасында 70 жылдан астам уақыт бұрын түсірілген жеке құжаттар, құрмет грамоталары мен фотосуреттер бар. Құжаттар аты аңызға айналған әйелдің отбасы, Қазақстандағы ең алғашқы басылымдар саналатын «Знамя Труда» және «Казахстанская правда» газеттерінің журналистері, сондай-ақ Түрксіб станциясының қызметкерлері, ҚТЖ баспасөз қызметі мен кәсіподағының арқасында жиналды және табысталды.

Ал Забира Жүсіпова туралы айтсақ, салалық баспасөзде жарияланған мақалаларға сүйенсек, 1922 жылы дүниеге келген машинист әйел жастайынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленген. Соғыс басталғанда 18 жасқа енді толған бойжеткен училищеде теміржол мамандығына оқып, тұңғыш рет Қырғызстанның Пішпек станциясынан сол кездегі Луговойға жол тартқан пойыздың машинист көмекшісі ретінде еңбек жолын бастайды. Жап-жас қыздың паровоз тізгіндеуі ол кезде елең еткізерлік оқиға болып, оған бәрі тамсана және таңқала қарайды. Тұңғыш әйел паровоз машинисі атағы да оған бірден таңылды. Кейін машинист болып, өзі де көмекші алып сапарға шығады. Соғыс жылдарында абыроймен қызмет етіп, Одақ көлемінде үлкен марапаттарға ие болады.

Темір тұлпарды тізгіндеген қазақ қызы жеке өмірінде де бақыт тауып, бес баланы дүниеге әкелді. 1977 жылы зейнеткерлікке шығып, 1983 жылы небәрі 61 жасында дүниеден өтті. Бүгінде оның ұрпақтары Жамбыл облысында тұрады. Ұлы Жолдас пен қызы Аманкүл теміржолда еңбек етті, бүгінде екі немересі Айдос пен Жандос Түрксіб станциясында теміржолшы. Түрксіб станциясында З.Жүсіпова атындағы көше бар.

2003 жылы Луговой станциясында жойқын жер сілкінісі болғаны белгілі. Көптеген ғимараттар қирап, соның ішінде Забира Жүсіпова тұрған үй де жермен жексен болған. Сол апат кезінде З.Жүсіпова туралы стенд бар мектеп те құлап, көптеген суреттері мен құжаттар жоғалған. ҚТЖ музейіне жеткізілгені содан қалған құжаттар көрінеді.