Биыл «Қазақстан темір жолы» компаниясына 25 жыл және Салалық кәсіподақ ұйымының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Соған орай жер-жерде өтіп жатқан мерейтойлық старт Атырауда да жалғасын тапты.
Салалық кәсіподақ ұйымының Атырау өңірі өкілдігінің ұйымдастыруымен өткен спорттық шараға Атырау, Ақжайық, Теңдік станциялары, Атырау локомотив, вагон пайдалану деполарының теміржолшылары мен бөлімшенің басқару аппараты мамандары қатысты. «Тұлпар» және «Жайық» атты екі командаға бөлінген қатысушылар әр топта 19 адамнан эстафета, түрлі кедергілерден өту, жүгіру, секіру сияқты спорттық ойындардан жарысты. Әрине, старт болғасын мұнда ең алдымен жылдамдық, шапшаңдық, тапқырлық маңызды роль атқарады. Әсіресе, түрлі кедергілерден өту қиын әрі қызық болды. Бұл бір жағынан жұмысшылардың спорттық ойындарға деген бейімділігін, қызығушылықтарын арттырып, дене қозғалыстарын жеңілдету арқылы қан айналымын жақсартып, денсаулықтарын сауықтыруға үлкен сеп. Екіншіден, топпен бірге жұмыс істеуге, ауызбіршілікке, бірлікке шақырады.
Жарыс соңында «Тұлпар» командасы ептілікпен қатар тапқырлық танытып, алға озды. Екі команда да сый-сыяпатсыз қалмады, барлық қатысушыларға ақшалай сыйлық берілді. «Теміржолшылар арасында бұқаралық спортты дамыту мақсатында алдағы уақытта да мұндай жарыстар ұйымдастырылатын болады» дейді кәсіподақ ұймының спорт нұсқаушысы Ринат Иманғазиев.
Қосұйым Мұқашев, Атырау
Суретті түсірген автор