Сексеуіл локомотив пайдалану депосының ұжымы станциядағы 4 мектептің оқушыларына «Мектепке жол-2023» акциясы аясында көмек көрсетті. Атап айтқанда, олар депо кәсіподақ комитетінің қолдауымен кенттегі №177,231,283, 87 мектептің балаларына оқу құралдарын табыс етті.
– Жыл сайынғы қайырымдылық акциясына біздің депо ұжымы белсенді қатысып тұрады. Осындағы мектептерде оқитын, жағдайы жоқ аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға жыл көлемінде көмек көрсетіп келеміз. Бұл жолы да ішінде оқуға қажетті құралдардың бәрі бар сөмкелер тараттық, ата-аналары да, балалар да қуанып, риза болып қалды, – дейді аталған депо директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Еркебұлан Аяғанов.
– Сексеуіл кентіндегі Локомотив пайдалану депосының ұжымына, кәсіподақ комитетіне мектебіміздің атынан ризашылығымызды білдіремін. Үнемі мектеп балаларына өз қайырымдылықтарын жасайды. Алладан еселеніп қайтсын. Барлығымыз да балаларымыз үшін өмір сүріп жүрміз. Бала – қоғамның бөлшегі. Олардың дені сау болсын. Теміржолшылар қауымына абырой мен табыс тілеймін, – дейді станциядағы №177 мектеп директоры Күлайша Сүлейменова.
Мұндай қайырымдылық акцияларына аталған станциялардағы өзге де құрылымдық мекемелер ұжымдары да атсалысып, жаңа оқу жылы басталар тұстағы науқанға белсенді қатысуда.
Райхан Рахметова