Оның маңдайына жазылған тағдыры теміржолшы болу екен. Қайсар мінез бен темірдей төзімді қажет ететін теміржолшы кәсібінің қиындығы жетерлік. Нағыз теміржолшы болып қалыптасу үшін барлық қиындық-кедергілерді еңсеру қажет. Сағын Темірханұлының бойында осы қасиеттің бәрі болды.
Атырау темір жолының дамуына бір кісідей үлесін қосқан Сағын Сейлхановтың бақилық болғанына бір жыл өтіпті. Қазақта «өзі болған жігіттің түп атасын сұрама» деген мақал бар. Сағын білімді, айналасына қайырымды да мейірімді, арын сақтап, адалдықтан аттамаған, жігерлі де қайсар, көппен сыйласа білетін, үлкенге інілік ізет, кішіге ағалық қамқорлық таныта білген азамат болды.1962 жылы желтоқсан айында Атырау өңірінде дүниеге келген, тірі болса алпыс жасқа енді толар еді…
Гурьев теміржол техникумын автотелемеханика мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 1982 жылы электромонтер болып бастаған ол тұп-тура 40 жыл еңбек етіп, дистанция бастығы қызметіне дейін көтерілгені – еңбекқорлығы мен таудай талабының, қайсар мінезінің нәтижесі деп ойлаймын.
1987 жылы Батыс Қазақстан темір жолына қарасты Атырау белгі беру және байланыс бөлімшесіне ауысты. Өндірістен қол үзбей, Алматыдағы теміржол институтын «инженер-электрик» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Білімі мен тәжірибесі келіскен маман көзге түспей қалмады. 1995 жылы Құлсары белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары болып тағайындалып, төрт жылдан соң дистанция бастығы болып 18 жыл 6 ай аянбай еңбек етіп, тер төкті. Құрамында 150-ге жуық жұмыс шысы бар ұжымды аймақтағы ғана емес, Батыс Қазақстандағы үздіктер қатарына көтерді. Мақат және Бейнеу аралығындағы теміржол байланысы жүйесінің қызметін жүзеге асыратын дистанция жылма-жыл ақаусыз жұмыс жасап, жоғары техникалық- экономикалық көрсеткіш деңгейінен көрінді. С.Сейлханов басқарған жылдары мекеменің жағдайы едәуір жақсарып, өндіріс жаңарғанын сол кездегі көзкөргендер растайды. Дистанцияның техникалық базасы нығайтылып, ішкі еңбек тәртібі, жұмысшылардың жауапкершіліктері күшейтілді. 1995-2005 жылдары аралығында дистанцияға қарасты Мақат-Бейнеу аралығындағы бекеттерде ескі ШРШ типті релелік шкафтар жаңа ШРУ-М түріне түгелдей ауыстырылды. Ал 2003 жылғы қыркүйек айында Бейнеу-Оазис телімі Қазақстан темір жолының құрамына еніп, дистанцияның ұзындығы 80 шақырымға өсті. 2005 жылы Маңғышлақ-Құлсары бекеті аралығында ұзындығы 50 метр, биіктігі 11 метр, ені 9 метр, салмағы 506 тонна болатын аса көлемді, темір жол тарихында болмаған жүк өткізу ойдағыдай жүзеге асырылды. 2014 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Атырау магистральдық желі бөлімшесінің бас инженері болып ауысып, өмірінің соңына дейін еңбек еткен Сағын Темірханұлын аймақ теміржолшылары ұмытпайды.
Меңдібай ХАЙРУЛЛИН, Құлсары