«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл ЖТ бөлімшесі» филиалына қарасты локомотив пайдалану, вагон пайдалану деполарының және қозғалыс шаруашылығының қызметкерлері арасында волейбол, шағын футбол, боулинг және бильярдтан жарыс ұйымдастырылды.
Қазақстан теміржолының 120 жылдығына арналған спартакиадаға филиалдың аталған құрылымдарында еңбек етіп жүрген 200-ден астам әуесқой спортшы қатысты.
Жамбыл филиалы кәсіподақ ұйымының қолдауымен өткен спартакиадада теміржолшылар төрт бірдей спорт түрінен сынға түсті. Жарыстың қорытынды есебі командалық жүйе бойынша жүргізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бабы мен бағы қатар сыналатын бильярдтан ғана жекелеген ойыншылардың ішінде үздіктер анықталды.
Салалық құрылымдардың теміржолшылары бұл жарысқа үлкен дайындықпен келгені байқалып тұрды. Команда жасақтауда мықты ойыншыларды іріктеп алуға тырысыпты. Волейбол, футбол, боулинг – нағыз бұқаралық сипатқа ие спорт болғандықтан, бұл жарыс теміржолшылардың командалық рухын көтерді.
Спартакиада қорытындысы бойынша командалық есепте бірінші орынды Тараз станциясының ұжымы жеңіп алды. Екінші орын «ТЧЭ-30» Шу локомотив пайдалану депосы командасына бұйырды. «ТЧЭ-31» Тараз локомотившілері үздік үштікті түйіндеді.
Барлық қатысушыларға естелік кәдесыйлар, ал жүлдегерлерге грамоталар, медальдар, естелік сыйлықтар мен кубоктар табыс етілді.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА, Жамбыл
Суретті түсірген автор