«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметі қазақ теміржолының 120 жылдығына арналған бейнематериалдар сериясын шығаруды жоспарлап отыр.
Оны кең ауқымды ету үшін өңірлерді белсенді түрде тарту көзделуде. Ол үшін жас теміржолшылар арасынан үміткерлерді іріктеу қажет, атап айтқанда олар машинистер, вагон қараушылар, жолсеріктер, жолшылар арасынан таңдалатын корпоративтік блогерлер, т.т.
Қатысушылар роликте теміржолдағы қызықты бір оқиғамен бөліседі, жетістіктері мен табыстары туралы баяндайды. Сонымен қатар олар өз өңірін жақсы біледі, нені бағалап, кімді мақтан тұту керектігін анық айта алады. Мәселен, олар тарихи нысандар жайлы, яғни бірегей көпірлер, музейдегі көне экспонаттар, тарихи ғимараттар мен ескерткіштер туралы баяндауы мүмкін.
Теміржол бастау алған Оралдан қызықты дерек табуға болады. Сонымен қатар олар алғашқы машинистер, соның ішінде әйел машинистер, ардагерлер, өңірге танымал тұлғалар туралы да сыр шертсе, құба-құп. ҚТЖ-ның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланатын роликтердің ұзақтығы 1 минуттан аспауы керек. Үміткерлерді 20 мамырға дейін ұсыну қажет.
Райхан Рахметова