Тарлан теміржолшыға құрмет

Семейлік теміржолшылар бөлімше директоры Съезбек Әлішевті зор ілтипатпен зейнет демалысына шығарып салды. Өскемен өңірін қоса алғанда ел шығысын үш жылдан аса басқарған тарлан теміржолшы Абай елі халқының көңілінен шыққаны анық.

Бөлімшенің мәжіліс залына мол жиналған теміржолшылар алдында сөз алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Досбол Кулекеев Съезбек Әліпбайұлының еңбек жолы мен басшылық қызметтегі тәжірибесі жайында сөз қозғады.

– «ҚТЖ-Жүк тасымалы» басшылығы Сізге адал да жасампаз еңбегіңіз, теміржол саласын дамытуға қосқан елеулі үлесіңіз үшін алғыс айтады. Сіз біз үшін кәсібиліктің, даналықтың және оптимизмнің үлгісісіз, ендігі жерде ұзақ жылғы еңбегіңіздің тек жемісін көріңіз, – деген Досбол Батырбекұлы елорда төріндегі басшылықтың да лебізін жеткізе келе қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.

Бөлімшенің ардагерлер кеңесі төрағасы Қырықбай Әлсейітұлы сөз алып, Съезбек Әліпбайұлының атқарған еңбегіне ерекше тоқталып, естелікке Абайдың шығармалар жинағының қос томдығын табыс етті.

Кәсіподақ ұйымының төрағасы Алик Досанов салалық кәсіподақ төрағасы Оразғали Ахметбаевтың атынан Алғыс хат табыс етті.

Өз кезегінде Съезбек Әліпбайұлы қасиетті Абай елінен зейнеткерлікке шығып бара жатқанын жақсы ырымға балайтынын айтып өтіп, бірнеше жыл қызметтес болған үлкен ұжымға зор ризашылығын білдіріп, әрдайым қимастықпен еске алатынын жеткізді.

Жиында сондай-ақ, бөлімше басшысының жаңадан тағайындалған басшысы да таныстырылды. Досбол Батырбекұлы атап өткендей, ендігі аралықта бөлімше директорының міндетін жас та болса салалық қызметте тәжірибе жинақтап үлгерген білікті маман Владимир Бабиченко атқаратын болады.

– Еліміздің рухани астанасы Семей жеріне алғаш рет келуім. Хакім Абай елінде еңбек ету – мен үшін үлкен абырой, – деп пікір білдірген Владимир Владимирович алдыңғы толқын өкілі ретінде Съезбек Әліпбайұлын өзіне ұстаз тұтатынын, оның жұмысын жалғастырудың өзіндік жауапкершілігі де бар екенін айтып өтті.

Қуаныш Қожаев, Нұр-Сұлтан

Суретті түсірген автор