Вы сейчас просматриваете Темір жолдың арқасында жан сақтап қалдық

Темір жолдың арқасында жан сақтап қалдық

Еңбек және тыл ардагері Жолдыбай Тілеулі – теміржолшылар қаласы атанған Шалқар өңірінің тумасы. Соғыс жылдары теміржолда қара жұмыс істеп, жасөспірім кезінде 13 жасынан еңбекке араласыпты.
Бүгінде 98 жастағы қария әлі тың, өзі жүріп тұрады, құлағы естиді, көзі көреді. Өткен өмірінен естелік айтса, көзі жасаурап, қатты толқиды.
«Соғыс кезінде 8 грамм нан беретін. Отбасына 200 грамм. Ол қарын тойдырмайды. Әкелген нанды бірден жеп қоямыз да күні бойы аш жүреміз. 2-3 күн тамақ татпаған күндер болды. Әйтеуір сиыр сүтін айран қылып ішіп, жүрек жалғадық. Біз теміржолдың арқасында, жолдың жағасында тұрып жан сақтап қалдық. Соғыс кезінде таңнан кешке дейін теміржолдың басында жүретінбіз. Талай адамның аштан өлгенін көзіміз көрді. Оны аштық өтіп кеткен, құр сүлдерін сүйреткен адамдар зорға көмеді. Жұмыс ауыр, бәрін қолмен атқарамыз, зілдей ауыр рельс шпалдарды көтеріп, тасып, күні бойы жол жөндейміз. Талай қиын күндерді бастан кештік. Үстімізде бүтін киім болмады, шұрық-тесік, оны жамайтын жамау да жоқ. Қолғап деген атымен жоқ, аяқта қырық жамау киіз шәркей… Қазір рахат, не ішем, не кием демейсің. Соның өзінде адамдар риза емес», – деп бас шайқайды қарт теміржолшы.
Еңбек жолы Жұрын станциясында өткен қария соғыс кезінде мұғалімдер түгел соғысқа кетіп, бала біткен буыны қатпай жұмысқа жегілгенін айтады. Кейін соғыс біткесін, 18 жасында әскерге шақырылып, 4 жыл бойы Отанға қызмет етіпті.
«Менің 2,5 кластық білімім болды. Әскерге алатын уақытта сауатың жоқ деп қайтадан мектепке жолдама берді. 3 айда 7 сыныпты оқып, емтихан тапсырдым. Содан кейін әскерге алып кетті. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар ғой, әскерде де жұмыс көп болды. Үй салдық, теміржол салдық. Әскерден келгенде көргенім елдің жағдайы жақсарған. Халық кішкене тойынған, алба-жұлба емес, киімі де тәуірленген. Қайтадан теміржолға жұмысқа кіріп, 1987 жылға дейін станцияда кезекші болып еңбектендім. 40 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықтым», – деді қарт.
Теміржолдан зейнетке шыққан соң да қарап отырмай Қандыағаш қаласындағы Шилісай тыңайтқыш өндіретін фабрикада 12 жыл тағы еңбек еткен Жолдыбай ақсақал бүгінде заманына риза, немере-шөбере сүйіп, қызықтап отырған жайы бар. Қарияның 5 қызы бар екен, бәрі де бақуатты, жұмыс істейді. Қарт әкелерін кезек-кезек қарап, күтімін жасап отыр.
Ардақ Ерубаева