Вы сейчас просматриваете «Теміржол аруы-2022»  анықталды

«Теміржол аруы-2022» анықталды

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жарияланған «Теміржол аруы-2022» фотобайқауының қорытындысы шығарылды. Сонымен, ақылына көркі сай арулар кім?

Байқау шарты бойынша оған жас шамасына және отбасылық жағдайына қарамастан темір жол көлігінде тер төгіп жүрген барлық әйел заты қатысу мүмкіндігіне ие болды. Фотосуреттері мен арнайы анкета толтырып жолдаған үміткерлерді таңдау онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Байқау нәтижесінде бірінші орынды 2307 дауыс жинаған Астана локомотив пайдалану депосының еңбекті нормалау жөніндегі инженері Әсем Төлеужанова иеленді. Екінші орынды 1562 дауыспен «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу бойынша Ақмола филиалының өндірістік-техникалық бөлімнің жетекші инженері Әйгерім Тығынбаева алды. 3-орынға 1377 дауыс жинаған «Қазкөліккәсіп» ҚБ «Астана» филиалының менеджері Ақмарал Молдашева лайық деп танылды.

Одан кейінгі жүлделер аруларға арнайы атаулар бойынша берілді. Мәселен, «Ең кербез ару» атағын 1236 дауыспен Мақат вокзалының дикторы Сәндігүл Жолаш алса, «Ең сүйкімді ару» атағына «KTZ Express» АҚ контейнерлік тасымалды сату департаментінің менеджері Замира Ахметова ие болды. Сол сияқты «Ең креативті ару» – Қызылорда жол дистанциясының еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі жетекші инженері Майра Бадрақова, «Ең нәзік ару» – Атырау вокзалының дикторы Назгүл Кукенова, «Ең жігерлі ару» Қарағанды локомотив пайдалану депосының операторы Әсем Метжанова, «Ең әсем ару» – Қарағанды вагон пайдалану депосының операторы Гүлбану Ералиева, «Ең сүйкімді күлкі иесі» Астана вокзал кешенінің кезекшісі Назерке Меңлібекова болды.

Жеңімпаздар арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болады. Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларды төл мерекемен құттықтайды. Байқау нәтижелері туралы толық ақпарат компания сайтында жарияланған.

Ұлан Ораз, Нұр-Султан