Семей темір жолында еңбекті қорғау шаралары аясында теміржолшылар денсаулығына баса көңіл бөлінеді. Бұл орайда жыл бойына түрлі акциялар мен ашық есік күндерін ұйымдастыру да дәстүрге енген.
Бұл шараларды өткізуге негіз де жоқ емес. Себебі ағымдағы жылы диспансерлік есепте тұратын теміржолшылар саны
біршама артып отыр. Мәселен, ВЧДЭ-23 бойынша – 38, ТЧЭ24 мекемесінде – 92, Аягөз локомотив пайдалану депосында 55 адам арнайы тізімге алынған. Желі бойындағы өзге мекемелер бойынша да дәрігерлердің назарына іліккендер жетерлік. Сондықтан медицина саласының қызметкерлерімен тығыз байланыс орнатылған. Биылғы жылдың басынан бастап, «Павлодар теміржол ауруханасы», Семейдегі №1 аралас типті аурухана және Аягөз қаласындағы «Қазығұл» емханасының қызметкерлері жоспарлы және кезектен тыс медициналық тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Электронды келісімшарт бойынша мұндай жұмыстар жылдың аяғына дейін жалғасатын болады.
Осы өткізіліп жатқан шаралар аясында медициналық тексерулер жылдағыдан да күшейтілді. Мәселен, өндірістік дәрігер мен фельдшерлер машинистердің жұмыс орындарында да тексерулер жүргізіп, еңбек қарқынын медицина қызметкерінің көзімен байқап көруді жолға қойған. Бұл орайда әсіресе гипертониялық сырқаттармен диспансерлік тіркеуде тұрған локомотившілер қауымына ерекше назар аударылуда.
– Сондай-ақ, локомотив бригадаларының жұмыс сағаттарының асып кетпеуі, еңбек және демалыс режимін сақтаулары тұрақты қадағаланады. Машинистердің өндіріс барысындағы техникалық-ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жүргізуі, технологиялық үдерістерді іске асыруда техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтаулары да ұдайы назарда ұсталуда. Ағымдағы жылдың он айы семейлік машинистер үшін ешқандай келеңсіз оқиғаларсыз өтті. Еңбекті қорғау аясындағы
ұйымдастырылған бұл шаралар жұмыс барысындағы қауіпсіздікті тіптен нығайтып, өндіріс өнімділігін де еселей
түсетіні анық, – дейді Семей ЖТ бөлімшесінің еңбекті қорғау бөлімінің жетекші инженері Бекзат Кәрімханов.
Бөлімше бойынша рейс алдындағы және ауысымнан кейінгі дәрігерлік тексерулер жүргізілетін станциялар саны да көбейтілген. Мұндай қадағалау шаралары Суық Бұлақ, Шаған, Үш-Биік, Таңсық, №27 жолайрық, Жалпақ, Белағаш, Шоптығақ сынды шағын айырма пункттерде де жүргізіліп жатыр. Ал тексеруге келмеген немесе бас тартқан теміржолшылар міндетті түрде тәртіптік жазаға тартылады. Дегенмен, соңғы айлардағы көрсеткіш бойынша ондай келеңсіз оқиғалар тіркелмеген.
Сол тәрізді аязды күндері станция басында, ашық далада, желдің өтінде еңбек ететін теміржолшылар қызметі де айрықша назарға алынған. Оларға үсік шалуға қарсы арнайы жақпамай да беріледі. Әсіресе, қысты алғаш рет өткізіп отырған теміржолшылар алғашқы кезекте назарға алынуда. Биылғы жылы олардың саны артып отыр. Яғни 102 адам жаңадан қабылданыпты. Олардың жанына тәжірибелі мамандар бекітіліп берілген. Теміржолшылардың өмірі мен денсаулығын сақтау жолындағы қолға алынған осындай ілкімді шаралардың нәтижесінде болса керек, ағымдағы жылдың 10 айында жұмыс орындарында ешқандай төтенше жағдай тіркелмепті.
Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Суретті түсірген автор