ТЕМІРЖОЛШЫ ОТБАСЫНА КӨМЕК

Шытынай ұшқан шоқ дыбысы мен ыстық жалынның табы оның шырт ұй- қысын бұзды. Жанталасып жүріп, әйел, балашағасын түгел далаға шығарған соң ғана ентігін әрең басты…

Мән-жайға қанық бола келе, таңғы төртте тілсіз жаудың көрші үйден шыққаны белгілі болды. Әрине өрт сөндірушілер келіп, алапат өртті ауыздықтауға кірісті.
Бірақ жиған-терген дүниесінен әп-сәтте айырылып, қақаған қыста ішер ас, киер киімсіз қалған арыстық теміржолшы Әли Рысбековтің отбасының жағдайы мәз емес еді. Бұл қаңтардың 21-нен 22-сіне қараған түн еді.
Мұндайда көрші-қолаң мен ағайын-туыс, әріптестердің рухани да, материалдық та қолдау-көмегінің орны бөлек.
Өмірінің отыз жылын Арыс станциясының өсіп-өркендеуіне арнаған Әли Қайбілдәшұлының басына түскен сынақ адамдар арасындағы адами құндылықтың дәрежесін көтеріп жіберді. Оңтүстіктің күллі теміржолшылары тілсіз жаудан зардап шеккен әріптестерін қолдауға бір кісідей жұмылды. «Қазкөліккәсіп» ҚБ» Шымкент филиалы ұжымы Рысбековтер әулетіне әркім шамасы келгенше қол ұшын созайық деп бастама көтерді. Қазіргі кезде филиал төрағасы Нағима Салықбаеваның жетекшілігімен құжаттамалық рәсімдеу процестері жүріп жатыр. Сол сияқты, «Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалының бас инженері Ілияс Нұржанов бастаған азаматтар қаржылай көмек берген. Сонымен қатар үш айда бір қаралатын теміржолдың арнайы қорынан да көмек қарастырылмақ. Бүгінге дейін 4 млн теңгедей көмек берілген.
– Арнайы бейнеүндеу жолдағаннан кейін тек теміржолшылар емес, барлық өңірден Әли бауырымыздың басына түскен қиындықты жеңілдетуге атсалысып, хабарласып жатқан халыққа қалай риза болмайсың?! – дейді Арыс станциясының кәсіподақ өкілі Телғозы Шораханұлы.
Оның айтуынша, жаппай көмек көрсету шарасынан жергілікті әкімдік те тыс қалмаған. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен орынбасары Ерғали Қуандық та Рысбековтер отбасына қаржылай қолдау көрсетіп, алдағы уақытта үй салу үшін жер учаскесін беру керек деп шешім қабылдаған.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, Арыс