Теміржолшылар төтенше жағдайға душар болған әріптестерін жалғыз қалдырмай жанынан табылып, демеу бола білді.
Аманкелді Кубенов басқаратын Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының теміржолшылары дистанция басшылығының келісімімен және кәсіподақ ұйымының ұйымдастырумен әріптестері Қанапия Басаровқа қаржылай көмек берді.
Баспанасы отқа оранып, жермен жексен болған әріптестерінің басына үйірілген бұлтты сейілту үшін дистациялықтар азаматтық танытты.
Маусым айының 10 күні түс ауа тұтанған өрт ауыздықталған, алайда 11 күні таңалакеуім уақытта қайта тұтанған. Көрші-қолаң, ағайынның көмегімен, өрт сөндірушілер жасағының арнайы тобымен тілсіз жау оқшауланып, жалын өшірілген. Осы жағдайдан құлағдар болған әріптестері кеңесе келе қолдан келген көмек жасауға кірісіп кетеді. Осылайша алғашқы көмек ретінде 500 мың теңге көлемінде көмек берді.
Айтып келмейтін өрт апаты бір емес екі рет тұтанғандықтан өрт жалыны баспананың шатырын жалмап, төрт қабырға ғана қалған. Адам шығыны болмаған. Дегенмен шығын орнын толтырып баспанасын қайта тұрғызу үшін теміржолшы Қанапияға қандай да болсын көмек ауадай қажет.
Сабырхан Сейілбекұлы