Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орайластырылып өткен аймақ теміржолшыларының басқосуында бір топ теміржолшы «Нұр Отан» партиясы қатарына қабылданды.
Партияның «Теміржол» филиалының төрағасы, ҚТЖ-ЖТ Қызылорда бөлімшесінің басшысы Батырхан Базарбаев еңбекте табысқа жеткен үздіктерді алғыс хатпен марапаттап, партия қатарын толықтырып отырған әріптестеріне салтанатты жағдайда партия билеттерін табыстады.
Филиал төрағасы Тұңғыш Президенттің сындарлы саясаты мен әлемдік аренадағы беделінің арқасында еліміз әлем мойындаған мемлекетке айналуына партияның қосып отырған үлесі және алдағы міндеттер жайлы айтып өтті.
– Жиын барысында теміржолдың түрлі саласында қызмет етіп жүрген белсенді 10 азамат партияға мүшелікке қабылданды. Олардың қатарында жаңа идеяларымен партия жұмысын жандандыруға құлшыныс танытқан қарапайым жұмысшыдан бастап өндіріс жетекшілері де бар, – деді филиал төрағасының орынбасары Базара Танбаева.
Егеменді ел атанып, тәуелсіздігін жариялаған отыз жыл ішінде Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуде ортақ ой айта алатын, әлемдік деңгейде үздік саясаттың үлгісін қалыптастырған, экономикасы дамушы ел ретінде қалыптасты. Мұнда қоғам өмірінің барлық бағыттарында алдыңғы орында болуды дәстүрге айналдырған теміржолшылардың да үлесі мол.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда