Қазақстан теміржолының тарихында өмір жолы осы саламен қатар өрілген жандар аз емес. Солардың бірі Батыс Қазақстан теміржолшыларының ұстазына айналған Құрметті теміржолшы Қанат Әлдебайұлы Әлмаханов 70 жасқа толып отыр.
Саналы ғұмырының 40 жылдан астамын локомотив саласына арнаған «Құрметті теміржолшы», «Үздік басшы» белгісінің иегері Қанат Әлдебайұлы 1951 жылы 15-шілдеде Қызылорда облысының Қазалы станциясында нағыз теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Себебі, бұл – бір әулеттен төрт бірдей «Құрметті теміржолшы» шыққан атақты династия. Үлкен атасы Әлмақан Ырғызбаев паровозда от жағушы болып 40 жыл еңбек етіп, «Құрметті теміржолшы» атанған екен. Әкесі Әлдебай Әлмақанов бірінші класты тепловоз машинисті болған. Салада 41 жыл еңбек етіп, «Құрметті теміржолшы» атанған.
«Бір бала әкеге жете туады, бір бала әкеден өте туады» деген халық нақылы Әлмақановтар әулетіне айтылғандай. Теміржолшылар әулетінен шығып, әке жолын абыроймен жалғаған Әлдебай ақсақалдың екі ұлы да «Құрметті теміржолшы» атанды. Әскербек Әлмақанов Қазалы локомотив депосында 39 жыл тепловоз машинисі болса, Қанат Әлмақанов – еңбек жолын машинистен бастап Батыс Қазақстан теміржолы басқармасы локомотив шаруашылығы қызметінің басшысы лауазымына дейін өсті.
Қанат Әлдебайұлы локомотив шаруашылығын майталман мамандар ұстаханасына айналдыра білген тұлға ретінде танымал. 1972 жылы әскери борышын өтеп келген соң Арыс теміржол техникалық мектебінде машинист мамандығын алып, 1974 жылдан бастап тепловоз машинисі болып еңбек жолын бастаған ол 1980 жылы Ақтөбе локомотив депосына ауысады.
1981 жылы Алматы көлік инженері институтын инженер-механик мамандығы бойынша сырттай оқып бітіріп, локомотив қабылдаушы қызметіне ауысады. 1983 жылы депо бастығының пайдалану жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 1985 – 1987 жылдар аралығында депоның бас инженері болды. 1987 жылы Ақтөбе теміржол бөлімшесінде локомотив шаруашылығы бөлімінің бастығы, 1992 жылы Қызылорда теміржол бөлімшесінің бас инженері, 1994 жылы Батыс Қазақстан теміржолының локомотив шаруашылығы қызметінің бастығы, 1998 жылы «ҚТЖ» РМК Локомотив шаруашылығы департаменті бастығының Батыс аймақтағы орынбасары, 2000 жылғы қазаннан бастап, Ақтөбе локомотив жөндеу депосының директоры, 2002 жылы «Локомотив» АҚ Батыс аймақтық өкілі, 2004 жылдан бастап Ақтөбе локомотив пайдалану депосының бас инженері болып қызмет етті. 2012 жылы Ақтөбе бөлімшесі бойынша қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің бас ревизоры, ал 2015-2017 жылдары кәсіподақ төрағасы болып зейнет демалысына шықты.
«Қанат Әлдебайұлы аймақтағы барлық локомотившілерге бағыт беруші ұстаз бола білген ағамыз. Ортақ іске үлкен жауапкершілікпен қарайтын іскер, білікті, талапшыл азамат. Бүкіл өмірін теміржолға арнап, осы саланың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан абыройлы басшы болды», – дейді Ақтөбе локомотив пайдалану депосының басшысы Нұрлан Көшербаев.
«ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Ақтөбе бөлімшесінің басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымы және өңірдегі локомотив шаруашылығының үлкен ұжымы Құрметті теміржолшы Әлмаханов Қанат Әлдебайұлын 70 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, тарлан теміржолшыға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына ынтымақ пен береке тілейді.
Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе