Түбек теміржолына бір кісідей еңбегі сіңген есімі елге белгілі ардагер Амандық Алдаберген 85 жасқа толып отыр. Ал жары Сұлу Асқарқызымен отасқанына алпыс жыл болған. Маңғыстау жұртшылығы ақсақалды мерейтойымен және қос қарияны гауһар тойларымен құттықтады.
Теміржолшылар әулетінің негізін қалаған Амандық ақсақал өмірлік серігі Сұлу апамен 1965 жылы шаңырақ көтеріп, түбек теміржолы салынып жатқан сол жылдары Маңғыстауға қоныс аударыпты. Ташкентте теміржол институтын бітірген жоғары білімді маманды Маңғыстау локомотив депосы құшақ жая қарсы алады. Ерлі-зайыптылар қатар жүріп еңбек етіп, бес бала өсіріп-жеткізеді, өнегелі әулеттің негізін қалайды. Қазір балаларынан 17 немере, 16 шөбере сүйіп, ел ішінде абырой мен құрмет-қошеметке бөленіп отыр.
Гауһар той иелерін түбек теміржолының басшылары мен кәсіподақ ұйымы құттықтады.
Ардагерге қазақи дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. Маңғыстау локомотив депосының кәсіподағы мен басшылығы ардагердің депоға сіңірген еңбегі туралы әңгімелеп, алғысын айтты. 1966 жылы Маңғыстауға теміржолмен бірге келіп, депоның іргетасын қаласқан алғашқы инженер-мамандардың бірі болғанын сөз еткен олар еңбегімен де, адами қасиетімен де көпке үлгі болған Амандық Қалиұлының әр жылдары ауысым шебері, депо бастығының орынбасары, депо бастығы, кәсіподақ комитеті төрағасы қызметтерін атқарып, теміржолда 40 жылдан аса еңбек еткенін, зейнетке шықса да әлі күнге теміржолдың мүддесі үшін қызмет етіп келе жатқанын жеткізді. Теміржол тарихынан сыр шертетін бірнеше кітаптың авторы. Біраз жылдан бері теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы. Зейнеттегі теміржолшылардың жоғын түгендеп, жастар тәрбиелеуге де үлесін қосып жүрген ақсақал теміржолшылар ортасында ғана емес, жалпы түбек жұртшылығы арасында беделі жоғары, орны бөлек жан.
«Құрмет белгісі» орденімен, «Қажырлы еңбегі үшін» «Еңбек ардагері» тағы басқа төсбелгімен марапатталған теміржолшы кезінде Маңғыстау поселкелік кеңесінің бірнеше рет депутаты болып, түбектің өсіп-өркендеуіне
де айтарлықтай үлес қосқанын жергілікті халық ұмытпайды.
Алдабергеновтер әулетінің еңбек жолын бүгінде балалары мен немерелері жалғастыруда.
Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау
Суретті түсірген автор
