«Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС – Семей филиалында жақсы бір дәстүр жолға қойылған. Жасы келген сала ардагерлерін кәсіби мерекемен, сондай-ақ мерейтойларымен құттықтап арнайы барып, үй шаруасына көмектесіп, жәрдем жасау – бүгінгі таңда ұжымда ізгі үрдіске айналған.
Жуырда ӘТЖК қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай 90 жастағы Вера Русланованы құттықтай барған бүгінгі әріптестері ұзақ жыл осы салада еңбек еткен тыл ардагеріне азық-түлік пакетін тарту етіп, оқалы камзол кигізіп, иығына шәлі жапты.
«ӘТЖК» ЖШС Семей филиалының кәсіподақ ұйымы төрағасы Амантай Қатпенов және филиал директоры Самат Райымбеков бастаған ұжым мүшелері қарт әжейге мықты денсаулық, қамсыз-мұңсыз қарттық ғұмыр кешіңіз деп тілек білдірді. Әжей әлі де тың, санасы сергек екен. Өткен-кеткеннен әңгіме қозғап, естеліктерін тілге тиек етті. Филиал қызметі жайлы да сұрап, жаңалықтарға қанықты.
Қарттарын қадірлеген әріптестеріне ақжарма алғысын жаудырып, баталы тілек білдірді. Айта кетерлігі сол, бүгінде семейлік теміржол күзетшілері ардагер әжейді өз қамқорлықтарына алған. Жазғы мезгілде бау-бақшасына қарасып, ал қыста ауласының қарын тазалап, сенбілік өткізіп, тұрақты түрде көмек көрсетіп отырады.
Қуаныш Қожаев