Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі кәсіподақ ұйымының демеушілігімен «Үміт» балалар үйіне көмек көрсетті. Теміржолшылар арнайы тапсырыспен бөбектердің ойыншықтары мен танымдық оқулықтары жиналатын шкаф жасатып берді.
Айта кетейік, қаладағы «Үміт» балалар үйінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған жүзден аса бала тәрбиеленіп жатыр. Мұнда 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер мемлекеттің қамқорлығына алынған. Тастанды сәбилердің дені – сал ауруына шалдыққан немесе түрлі туа бітті дерті бар, өздігінен жүріп-тұра алмайтын балалар.
«Балалар үйі – теміржолшылар тұрақты көмек көрсететін әлеуметтік орталықтардың бірі. Мүмкіндік болса әр мереке сайын кішкентай сәбилерді қуантуға тырысамыз. Бұл жолы балаларға қажетті құралдары тұратын шкаф жасаттық», – деді кәсіподақ төрайымы Айша Қалағанова.
Кәсіподақ ұйымдары тек сәбилер үйі ғана емес, қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік орталықпен де тұрақты байланыста. Өздерін де ұмытпай, мекемедегі көп балалы теміржолшылар мен тұрмысы төмен отбасыларға да тұрақты көмек көрсетеді.
Ардақ Ерубаева