Вы сейчас просматриваете Теміржолшылар спорттық сайыстарға белсене қатысуда

Теміржолшылар спорттық сайыстарға белсене қатысуда

Көктем келісімен Маңғыстау теміржолында спорттық іс-шаралар жандана түсті. Түбектік теміржолшылар да құдды бір қыстық ұйқысынан қайта оянғандай қыс бойы жинаған күшін сынға салып ұйымдастырылған спорттық сайыстың барлығына жоғары белсенділікпен, көтеріңкі көңіл күймен қатысып жатыр.
Түбек теміржолындағы көктемгі спорттық жарыстар наурыз айы туған алғашқы күннен бастады. Алғыс айту күніне орай Бейнеу теміржолында қол күресінен сайыс өтті. Оған сексен келіге дейінгі және онан үлкен салмақтағы бейнеулік теміржолшылар қатысты.
Қорытынды есепте жеңіл салмақтағы қатысушылар арасынан бірінші орын Қуаныш Сабыров, екінші орын Тұрарбек Өтепов, үшінші орын Әсет Есенғұловқа бұйырды. Яғни бұл сайыста бабы келісіп, бағы жанған «локомотившілердің» алдына ешкім түсе алмады. Үш жігіт те локомотив депосында еңбек етеді.
+80 келі салмақта бірінші орынды вагон қараушы Нұржігіт Мәліков, екінші орынды жол дистанциясынан Бекболат Дүйсенов, үшінші орынды деподан Бақытжан Ходжамуратов жеңді.
Аталған жарыста Бейнеудегі теміржол мекемелерінен локомотив депосының, Бейнеу станциясының, қалпына келтіру пойызының, ТҚКП, жол дистанциясының жұмысшылары бақ сынасқан болатын.
Келесі спорттық іс-шара Маңғыстау станциясында ұйымдастырылды. Бұл жолы волейболдан шеберлігін көрсетуге түбек теміржолында еңбек ететін ер азаматтардан құралған алты команда келді. Алтаудың арасынан асығы алшысынан түскен Маңғыстау локомотив депосының жігіттері болды. Депо жұмысшылары біріншілікті ешкімге бермесе, екінші орынды Бейнеу құрамасы иеленді. Үшінші орын Маңғыстау магистральды желі бөлімшесінің командасына бұйырды.
Спорттық ойындар Болашақ станциясында да жалғасты.
Ауылдағы теміржол мекемелерінің қызметкерлері де волейболдан жарысты. Нәтижесінде алты мекемеден келген қатысушылар ішінен озық шыққан Болашақ станциясы ұжымы бірінші, байланыс және белгі беру дистанциясының командасы екінші, өрт сөндіру пойызының өрт сөндірушілер тобы үшінші орындарды еншіледі. Жақсы ойын көрсеткендер арнайы номинациялармен марапатталды. Жандос Абдуллаев «Үздік ойыншы», Атағозы Сатмағамбетов «Үздік шабуылшы», Рахмет Башбалев «Үздік байланыстырушы», Фаррух Мырзалиев «Үздік қорғаушы» атанды.
Сайыстар сала кәсіподағының қолдауы және түбек теміржолшыларының спорттық нұсқаушысы Нұрайна Қыдырова, Бейнеудегі спорт нұсқаушы Бекзат Нұрәлиевтің ұйымдастыруымен өтті.
Жеңімпаздарды спорттық ойындарға қатысып, жарыстың шымылдығын түріп берген Орталық теміржолшылар кәсіби одағының өңірдегі өкілі Сәрсенбай Есенқұлов құттықтап, ақшалай сыйлық және диплом, кубоктарын тапсырды.
Шахида Жұман